БҰЙРЫҚТЫҢ ОРЫНДАЛУЫ АЛА-ҚҰЛА, ОҒАН НҮКТЕ ҚОЙЫЛА МА?

Осы аптада Түркістандағы жекеменшік балабақшада жұмыс істейтін жүзден астам тәрбиеші облыс әкімдігінің ғимаратына келіп, наразылық білдірді. Жетектегі балаларға тәрбие беретін мамандар талабы – еңбекақыны көтеру. 

 

Айтуларынша, Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаларда баланы күтіп, бағуға мемлекеттен берілетін қаражат көлемі өзге өңірлермен салыстырғанда бірнеше есе аз. Ал республиканың басқа өңірлеріндегі балабақшалалар болса ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген қаржысын (қала үшін — 37 537 теңге, ал ауылдық жерлер үшін — 41 053 теңге) алып отыр. Осылайша еліміз бойынша жекеменшік балабақшаларда жан басына қаржыландыру есебінен әр балаға айына төленетін қаржы орташа есеппен 41 мың теңгені құраса, күнгейде небары 25582 теңге төленіп отыр. Тәрбиешілерді де қынжылтатыны осы. Республикада жыл басынан бері балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы екі рет көтерілген. Бірақ Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаларда жан басына шаққандағы қаржыландыру көтерілмегендіктен, ондағы тәрбиешілердің де жалақысын ұлғайту мүмкін болмай отыр. Осы себептен мектепке дейінгі мекемедегі кіші қызметкерлер 40 мың, тәрбиешілер 60 мың теңге алып келеді. Азық-түлік күн сайын қымбаттап, баға бой бермей жатқан бүгінгі таңда 60 мың теңге айлықпен күн көру қиын екенін биліктегілер білсе де әрекетсіз.
Түркістандық тәрбиешілер жан басына қаржыландыру есебі бойынша берілетін қаржының өзге өңірлермен салыстырғанда бірнеше есеге аз болуын тек өздерінің ғана емес, кәсіпкерлер мен балалардың құқын таптау деп біледі. Наразы топпен тілдескен облыс әкімдігінің өкілдері болса тәрбиешілердің талабы бойынша еліміздің Қаржы министрлігіне хат жазылғаны туралы айтудан әріге аспады.
Жалпы жан басына қаржыландыру есебі бойынша жекеменшік балабақшадағы әр балаға мемлекеттен ай сайын қала үшін — 37 537 теңге, ал ауылдық жерлер үшін — 41 053 теңге берілу керектігі туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы 2017 жылы бекітілген. Бірақ төрт жылдан бері тиісті ведомстваның бұл бұйрығы өзге өңірлерде іске асып, Түркістан облысында орындалмай келеді. Тиісті министрліктің ала қойды бөле қырыққандай бұл тірлігіне тәрбиешілер көніп келген. Енді шыдамы таусылып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция жолдап отыр.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысы бойынша 1 417 балабақша бар болса, оның 267-сі мемлекеттік, 1031-і жекеменшік.
Төзімдерінің темір емес екенін айтқан тәрбиешілер осылайша 60 мың теңге айлықты қанағат етіп жүргенде, Ұлттық статистика бюросы елдегі қызметкерлердің орташа жалақысы туралы статистиканы ұсынды. Бюро ұсынған статистика бүй дейді. Қазақстанда 2021 жылдың қыркүйегінде бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 257 030 теңгені құраған. Тамыз айында бұл көрсеткіш 256 455 теңге болған.
Бұл статистикадағы сандерек әркез нақты бола бермейтінінің тағы бір дәлелі болса керек.

А. САТЫБАЛДЫ.