ЖЫЛЫЖАЙ ӨНДІРІСІ АЛҒА ЖЫЛЖЫП КЕЛЕДІ

Алдағы уақытта Шымкент тұрғындары өзімізде өсірілген қызанақты ғана тұтынуы мүмкін. Осы бағытта үшінші мегаполисте биыл екі жаңа өнеркәсіптік жылыжай кешені іске қосылған.

Азық-түлік белдеуін қалыптастыру және көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында қолға алынған жобаның бірі — «AGROPARK KZ» жылыжай кешені. Кешен Қаратау ауданында орналасқан. Жалпы аумағы 5,2 гектар өнеркәсіптік кешен осы жылдың шілде айында жұмысын бастаған. Сол кезде жылыжайға қызанақ көшеттері қондырылған. Енді өнім жинау жұмыстары басталды. Бгінгі дейін 40 тонна қызанақ жиналған. Жиып-терілген өнімнің барлығы ішкі нарықта саудаға шығарылады. Жобаның инвестициялық құны 1 326,0 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 331,5 млн. теңге мемлекеттен қолдау ретінде берілген.
Жуырда дәл осындай екінші жоба іске қосылады. Жұмысын бастағалы тұрған «IGM-CORPORATION» жылыжай кешені Еңбекші ауданында орналасқан. Шаруа қожалығы 4 гектар аумаққа қызанақ өсіруді жоспарлауда. Жобаға 1050,0 млрд. теңге инвестиция салынған. Оның ішінде 262,4 млн. теңгесі мемлекет есебінен төленген.
Екі өнеркәсіптік кешеннің шаруа қожалықтары жоба сәтті жүзеге асса, әр жылыжай кешенінен жылына 1 200 тонна қызанақ өнімдері өсірілетінін айтуда.