БАҒА БОЙ БЕРМЕЙ КЕТПЕС ҮШІН 20 МЫҢ ТОННА ӨНІМ САТЫП АЛЫНДЫ

Шымкентте әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағаларын өсірмеу үшін өңірлік тұрақтандыру қорына 4,7 млрд теңге айналым қаржы бағытталды. Ағымдағы жылдың 16-қазанындағы жағдай бойынша 5,4 млрд теңге қаржы айналымға түсіп, мақсатты деңгей 114,9 пайызға орындалған.

Бұл қаржыға 20 мың тоннадан астам әлеуметтік мәні бар, атап айтқанда, ұн, нан, макарон өнімдері, тұз, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, сары май, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, сиыр және құс еті тауарларын сатып алу жүргізілді. Жалпы өңірде әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты.
Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Ведомства басшысы Шымкентте күріш, сәбіз, пияз, шекердің бағалары 0,3-3,7 пайыз аралығында төмендегенін атап өтті.
Айта кетейік, «Айналым схемасына» қаламыздағы ірі сауда желілері тартылған. Соған сәйкес сауда орталықтары делдалдық ұйымдардың қатысуынсыз оператормен тікелей келісімшарт түзген. Оператор келісімшарт талаптарының орындалуын бақылап, мониторинг жүргізеді. Жүйе шеңберінде оператор да, сауда орталықтары да келісімшарт талаптарын сақтай отырып, бағаны осы құжатта айқындалған деңгей көлемінде сақталуына кепіл болады.
Қаламызда қазір мұндай келісімшарттар «Magnum Cash & Carry», «GraMad Hypermarket», «Фиркан» сауда желілерімен жасалған. Бұл жүйенің тиімділігі ескеріліп, ауылшаруашылық өнімдеріне форвардтық келісімшарттар түзу жоспарланған.