ҰСТАЗДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОСПАРЫ АСЫРА ОРЫНДАЛҒАН

Шымкентте барлығы 782 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде мектепке дейінгі мекемелер -526, орта білім беру ұйымдары -202, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері -32. Кадрлық құрам бойынша 28 519 педагог еңбек етуде. Біліктілік деңгейі бар педагогтар үлесін 59,5%-ға жеткізу жоспарланса, нақты 12 208 педагогтың біліктілік деңгейі арттырылып, көрсеткіш 67,3%-ға жеткен.

Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қала әкіміне тоғыз айда атқарған жұмысының есебі кезінде мәлімдеді.
Басқарма басшысы есепті мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштерінің орындалуы 86,9%-ға жетсе, «Жобалық кеңсе» платформасының индикаторлары 100% орындалғанын айтты.
Сонымен қатар «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бар педагогтардың саны 2886 адамға жетіп, жоспар 100%-ға орындалған. Есепті мерзімде қала бойынша 5 771 педагог маманның біліктілігі арттырылған. Педагогтардың құқықтары жөніндегі Әдеп кеңестері құрылған. Қаламызда 17 пән бойынша пән мұғалімдерінің қауымдастықтары құрылып, кадрлық резерв институттары жасақталған.
Педагогикалық университеттермен меморандумдар түзіліп, «YouTube» арнасында педагогтар үшін үздік сабақтар жинағы түзілген. Педагогтардың цифрлық сауаттылық көрсеткіші 100%-ға жеткен. Қаламызда педагогтарды жұмысқа қабылдау «HR-Process» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған. Бүгінге дейін 2 144 бос жұмыс орындары жарияланып, жұмысқа қабылданған. 1 198 педагогтың 385-і үздік диплом иегері, 180 азаматтың — магистр ғылыми дәрежесі бар, 27 педагог — шетелдік оқу орындарын бітірген.