ИНТЕРНЕТТІҢ ИГІЛІГІН БАРЛЫҒЫ КӨРЕДІ
Шымкенттің барлық аумағын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстың бірінші кезеңі былтыр жүргізілген. Нәтижесінде ұялы байланыс пен интернет жылдамдығы төмен 11 шағын аудан мен тұрғын алаптарда атап айтқанда, «Алтынтөбе», «Көкбұлақ», «Достық» («Северная дача»), «Асар», «Шымсити», «Ақтас-2», «Асар-2», «Тұран», «Шымсити-2» және «Айкөлде» базалық станциялар құрылды. Биыл интернетпен қамтамасыз етудің екінші кезеңі қолға алынған.
Бұл туралы Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов қала әкімдігінің «Инстаграм» парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Соған сәйкес базалық станция орнатылатын 14 жер анықталған. Бүгінде «Асар», «Забадам», «Абдулабад», «Самал-3», «Нұртас», «Құрсай» шағын аудандарындағы коммерциялық нысанға орнатылуы тиіс 6 аумақтағы базалық станцияның барлығы іске қосылған.
Жыл соңына дейін қалған 8 базалық станция іске қосылатын болса, шалғай елдімекендердегі 147 000 тұрғын сапалы интернетпен қамтылып, жалпы көрсеткіш 91 %-ды құрайтын болады.
Бұдан бөлек «Ынтымақ-2», «Тассай», «Қайнарбұлақ», «Құрсай» мен Әуежай және № 87 мектеп маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылған. Антенна-матчталық құрылғыны А-2 және Р-32 тас жолы бойына орнату үшін жерді қазу және бетон құю жұмыстары жасалуда. Бұл жұмыстардың барлығы инвестор есебінен орындалуда.
Болашақта бүкіл қала аумағын толықтай сапалы интернетпен қамту мақсатында басқарма тарапынан төрт ауданға қарасты 110 шағынаудан мен тұрғын алаптардың тізімі жасалып, ондағы интернет сапасына толық талдау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде интернет сапасы төмен 22 елдімекен анықталып, оларды сапалы интернетпен қамту үшін жол картасы әзірленген.
Сонымен қатар, қаладан шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен шағынаудандарды оптикалық желі арқылы интернетпен қамту жұмыстары жоспарланған. Бүгінде интернет сапасы төмен 30 тұрғын алапқа оптикалық желі арқылы интернетпен қамтамасыз ету үшін жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілді.