АПАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Осы уақытқа дейін Шымкентте апатты үйлердің саны 40, бір деректерде 45-ке жететіні айтылып келген. Алайда жыл басынан бері қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының тұрғын үй инспекциясы жүргізген саралау жұмыстарының қорытындысы бойынша Шымкенттегі 107 көпқабатты тұрғын үйдің апатты жағдайда екені анықталған.

Апатты деп танылған бұл үйлердің барлығының күн өткен сайын тозығы жетіп жатыр. Өткен ғасырдың 30 жылдарында бой көтерген бұл үйлер алдағы уақытта сүріліп, орнына жаңасы салынады. Бұл ондағы тұрғындардың емес, инвесторларды тарту есебінен жүргізіледі. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қаладағы тозығы жеткен апатты үйлердің тұрғындарына осындай мәлімдеме жасап отыр.
Оның сөзінше, тозығы жеткен үйлерді бұзу жұмыстары үшін тұрғындардан бір тиын да алынбайды. Ескірген тұрғын үйлер инвесторлардың есебінен сүріледі. Тұрғындар жаңадан бой көтерген үйлерге қоныстанады немесе оларға тең пәтер ұсынылады. Апатты деп танылған үйлерді сүру, орнына жаңа үй соғу кезінде олар уақытша баспанамен қамтылады. Қазіргі таңда, бұл іске инвесторларды тарту қарастырылып отыр. Пилоттық жоба ретінде алдымен Гагарин көшесіндегі №112 жанындағы ғимарат пен Бірінші мамыр көшесіндегі №29, Ш. Қалдаяқов көшесіндегі №35 үйлер бойынша дайындық жұмыстары атқарылуда.
Естеріңізде болса 2020 жылдың тамыз айында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2021 жылдан бастап инвесторлардың есебінен апатты үйлердің мәселесін шешу қолға алынатынын айтқан болатын. Қала басшысы апатты үйлердің орнына жаңадан көпқабатты үйлер салынса, бастапқы бірінші, екінші қабаттарына үйлері сүрілген тұрғындар орналастырылып, ал жоғары қабаттағы пәтерлерді сатуға шығару жолдары қарастырылатынын мәлімдеген