САНАҚТАН ӨТКЕННІҢ КӨБІ ОНЛАЙН ӘДІСТІ ТАҢДАҒАН, ал билік неге оңай жолды таңдамайды?
Биыл 1-қыркүйекте халық санағы басталғаны белгілі. Республикалық шара 30-қазанға дейін жалғасады. Санақ екі түрлі әдіспен онлайн және дәстүрлі түрде жүргізілді. 16-қазаннан бастап онлайн режимде санақ жүргізу процесі тоқтатылған. Алайда 21-қазаннан бастап тұрғындардың өтініші бойынша онлайн санақ қайта іске қосылды. Бір жарым ай ішінде халықтың 40 пайызы sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы санақтан өткен. Бұл туралы Ұлттық статистка бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.
Оның сөзінше санақ басталған күннен бастап 16-қазанға дейін 7 527 458 адам онлайн санақтан өткен. Ал дәстүрлі форматтағы санақ бойынша интервьюерлер барлығы 3 млн 792 мың адаммен сауал жүргізген. Жалпы көрсеткіш бойынша халықтың 60 пайызы санақтан өткен.
Ұлттық статистика бюросының басшысы онлайн санақтан өтпеген азаматтар 30-қазанға дейін үй-үйді аралап жүретін интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алатынын, ал онлайн санақтан өткендер сауалдарға жауап беру үшін хабарлама нөмірін көрсетулері қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ Нұрболат Айдапкелов өзіңіз туралы мәлімет сұрауға келген интервьюерлердің дәстүрлі санақ жүргізудің заңды өкілі екенін білу үшін оған берілген арнайы куәліктегі тіркеу нөмірін sanaq.gov.kz сайты арқылы тексеріп, жеке басын тексеруге болатынын айтты. Немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы сұрауға болады.
Айта кетейік, санақтан елдің тұрақты тұрғындарымен қатар, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қызметтік міндетін орындау үшін шетелде жүрген біздің азаматтар, шетелде оқитын біздің елдің студенттері мен өзге елге демалысқа, емделуге немесе қонаққа кеткен туристер де өтеді. Одан өзге, елімізге тұрақты тұруға немесе пана іздеген қоныс аударушылар, бір жылдан аз уақыт бойы елде жүрген шетелдіктер де санаққа алынады.
Естеріңізде болса, осы жылдың тамыз айында Н. Айдапкелов халық санағын өткізу үшін барлығы 32313 адам уақытша жұмысқа орналасатынын мәлімдеген болатын. Және интервьюерлердің барлығы вакцина салдырғандар болатынын айтқан.
Республикада осымен үшінші рет өткізіліп отырған санаққа 9 млрд 100 млн теңге бөлінген. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 7 есеге көп. Бұдан хабары бар біраз белсенділер халыққа қызмет көрсету орталықтары мен өзге де мемлекеттік органдардың базаларында қазақстандықтар туралы барлық деректер сақтаулы екенін, ал миллиардар бөлу артық екенін ашық айтқан болатын.
Санақ басталған уақыттан бастап 1,5 ай ішінде тіркеуден өткен халықтың басым көпшілігі онлайн әдісті таңдағанын ескерсек, жоғарыдағы белсенділердің дегені бекер емес екеніне тағы көз жеткізуге болатын сияқты. Шынымен де интернет ресурсын пайдалануға басымдық берілсе, санаққа миллиардтар санап беру қажет емес еді. Бірақ…