ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК
Жыл басынан бері Түркістан қаласына 1,1 млн. турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 есеге көп. Жалпы 2025 жылға дейін Түркістан қаласына келуші туристер саны 5 миллионға жетуі тиіс. Бұл – облыста туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасындағы негізгі міндеттің бірі.
Осы мақсатта облыста туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық болып үш бағытта қарқынды дамып келеді.
Жыл соңына дейін өңірде 38 туристік инвестициялық жоба іске асады. Мұның өзі 1050 жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады. Қазіргі таңда өңірде туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Мысалы, Түркістан қаласындағы туристік нысандар бойынша ақпараттар әлемдегі ең ірі саяхатшылар порталына («http://xn--ripadviser-mwi.com/») енгізілген. Облыстың туристік нысандарымен танысудың кәсібилік сапасын арттыру үшін 50 гид-экскурсовод маман даярланған.
Алдағы уақытта облыс орталығының туристік әлеуетін арттыру бағытында «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралі салынады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында жағажай демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жасанды көл, ескек есу каналы, туристік-рекреациялық аумақтың құрылысы қарқын алған. Ол нысандардың құрылысын аяқтау келер жылға жоспарланған.
Одан өзге тау-шаңғы туризмін дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығы» салынады. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру облысымыздың туристік әлеуетін арттырып, қосымша жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Туризм саласында кәсіби мамандарды даярлау, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2 мыңға жуық жас білім алуда. Университ студенттері халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл оларға өз мамандығы бойынша әлемнің кез келген нүктесінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында 1663 тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның ішінде Қ.А.Ясауи кесенесі халықаралық маңызы бар ескерткіш болып табылады.