АЛҚАПТАР АҒЫН СУҒА СУСАМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ.

Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар» деген болатын.
Осы бағытта Түркістан облысы бойынша 23 каналдың тізімі жасақталып, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынылған.
Егер тиісті қаржы бөлінген жағдайда облыста 500 шақырымнан астам канал бетонмен қапталып, 90 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Бүгінде Түркістан облысындағы суармалы жердің көлемі 548,2 мың гектарды құрайды. Яғни республикадағы суармалы жердің үштен бір бөлігі облыстың үлесінде. Облыс бойынша суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 206,8 млн.текше метр су тапшылығы байқалады. Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін облыста 6 ірі су нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы. Аталған жоба аясында 43 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 22 млн.м3 су үнемделіп 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылған. Жоба толық іске асқанда 60 млн.текше метр су үнемделіп, сегіз шақырымға жалғасқан канал бойы абаттандырылады.
Қазіргі таңда «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасын салу жобасы қолға алынуда. Нысанның сыйымдылығы 34 млн.м3 ағын суды құрайды. Су қоймасы үшін салынып жатқан дамбының биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 70% бетонмен қапталды. Нәтижесінде, көктем мезгіліндегі тасқын сулардың ысырабына жол берілмей, 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік болды. Құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталады.
«Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалынып, биылдың өзінде 261 млн.м3 су көлге тасталынды. Бұл жоба алдағы уақытта облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізетін болады.
Ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескере отырып, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасын салу және Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда өңірді кепілді ағын сумен қамтамасыз етіп, 252 млн.м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.
Аталған жобалар «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» енгізілген.