БЮДЖЕТ БҮЙІРІ ЕКІ ЕСЕ ҰЛҒАЙДЫ

2018 жылдың 19-маусымында сол кездегі мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып бекітілген еді. Тарихи шешім қабылданған сол күннен бастап киелі қаланың гүлдену дәуірі басталды. Тарихи қаланың тынысын ашу үшін түрлі жобалар қолға алынды. Оның орындалуы Елбасының бақылауында болды.

Содан бері үш жылдан аса уақыт сынаптай сырғып өтті. Осынау уақыт ішінде қалада ауыз толтырып айтар ауқымды жұмыстар атқарылды. Үш жылда облыс орталығын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, шаһардың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды.
Аталған мерзім ішінде Түркістан қаласында 257 нысанның құрылысы жүргізілді. Бүгінде 123 нысанның құрылысы аяқталған. Барлық құрылыс жұмыстарына 445 млрд теңге бағытталды. Қомақты қаржының 230 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен болды.
Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясында мәлімдеді. Халық қалаулыларының алдына шығып, өзіне жүктелген міндеттердің орындалу барысын баяндаған Өмірзақ Естайұлы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірде оң динамика бар екенін нақты сандармен келтірді. Өз сөзінде ол:
«Үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 41%-ға артып, 2,4 трлн.теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 18%-ға, ауыл шаруашылығы 34%-ға, инвестиция 2,4 есеге артты. Сонымен қатар облыс бойынша жалпы аумағы 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттің көлемі екі есе ұлғайып, 1,1 трлн. теңгені құрады»,-деді.
Сондай-ақ аймақ басшысы ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.
Осы жылдың сегіз айында облыста өңдеу өнеркәсібінде 187,7 млрд.теңгенің өнім өндіріліп, тоқыма бұйымдарының өндірісі 2,5 есеге, сусындар өндіру — 34,8, қағаз бұйымдарының өндірісі -32,6, тамақ өнімдері — 5,8 пайызға өскен. Еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 27,5 мың АҚШ долларын құрап, 5,8 пайызға артқан. Жыл соңына дейін оның деңгейін 106,3% жеткізу жоспарлануда. Уран және металлургия өндіру көлемінің 2,1%-ға артуы есебінен тау-кен өнеркәсібінің өнім көлемі 180 млрд.теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығында 405,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,5 млрд. теңгеге көп. Кәсіпкерлік саласы бойынша 143 166 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 215 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсімді құрап, еліміз бойынша көш бастады.
Өңірдің индустриалдық әлеуетін жақсарту мақсатында 698,2 га аумақта 9 индустриалдық аймақ құрылып, инфрақұрылым тартылған. Индустриалдық аймақтарда жалпы құны 37,1 млрд.теңгені құрайтын, 4 293 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 59 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 37 жоба іске қосылып, 1 572 жұмыс орны ашылған. Ал тартылған инвестиция көлемі 27,8 млрд.теңге. Ағымдағы жылы 683 жұмыс орнымен 6 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бизнес-климатты жақсарту бойынша ірі жобаларды іске асыруға облысқа 321,7 млрд.теңге инвестиция бағытталған, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 20,2%-ға көп.
Осы деректерді алға тартқан облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын және жастар саясатын дамыту жөніндегі іс-шаралар бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Атап айтқанда, қазіргі таңда облыста 18,2 млрд.теңгеге 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 70 мектеп облыстық бюджет есебінен (16,1 млрд.тг), 8 мектеп «Ауыл-Ел бесігі» жобасы (2,1 млрд.тг) бойынша бой көтеруде. Бүгінде құрылысы қарқын алған 78 мектептің 44-нің құрылысы аяқталған. Бұл нысандардың аяқталуы өңірдегі 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге септесін болмақ. Жаңа оқу жылында 15 мектеп пайдалануға берілген. Одан өзге Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтеруде.
Облыстағы ең өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. Жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жыл басынан бері мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 38,8 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 10,5 мың жұмыс орны тұрақты болып табылады.
Өз есебінде облыс әкімі короновирустық инфекцияға қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады.
Бүгінде өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Түркістан облысы жасыл аймақта тұр.
Өңірде 930 инфекциялық, 300 карантиндік және 98 реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. Инфекциялық төсек-орындар санының жүктемесі — 38,2%, карантиндік төсек-орынның жүктемесі – 3,3%, реанимациялық төсек-орындар санының жүктемесі – 35,6% құрап отыр. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап бүгінге дейін өңірге коронавирсуқа қарсы 974 435 доза вакцина жеткізілген. Бүгінгі күнге дейін препараттың бірінші компонентін 911 899 адам қабылдаған. Бұл екпе алуға тиіс азаматтардың 87,1 пайызын құрайды. Екінші бөлігін 791 298 адам салдырған (12-қазандағы жағдай бойынша).