ӨЗ ІСІН АШАТЫНДАРҒА 2,5 МЛРД ТЕҢГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

Жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша 4 мыңға жуық тұрғын «Бастау» жобасына қатысып, арнайы оқу курсына қатысқан. Өз кәсібін ашуға талпынған, барлығын нөлден бастап, капитал жинауға ниет білдірген бастаулықтарға демеу беріп, бизнес жобаларын қаржыландыру үшін 6 пайыздық несие беріледі.

Мұндай жеңілдікке қол жеткізгеннің бірі – түркістандық Әйгерім Жүнісбаева. Өз кезегінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алған ол кәсібін жандандыру үшін «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайыздық несие алған. Ол бұл қаражатқа «Шолаққорған-Шымкент» бағытында жолаушылар тасымалдау үшін арнайы көлік сатып алып, қолға алған ісін бастап кеткен.
«Өз ісімді ашуды көптен армандап жүрдім. Үш баланың анасымын. «Бастау-Бизнес» жобасында 1 ай көлемінде оқып, біліктілігімді жетілдірдім. Бүгінде «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы жобамды қаржыландырды. 8 миллион теңге несие алдым. Қуанышымда шек жоқ», — дейді Әйгерім Жүнісбаева.
Айта кетейік, республика көлемінде бастаулықтардың жобасын қаржыландыруға 22,5 млрд теңге бөлінген. Оның 2,5 млрд теңгесі Түркістан облысына бағытталған. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 6 пайызбен несие алуға 729,5 млн теңге сомасында 112 өтінім қабылданған. Соның ішінде микроқаржы ұйымымен 244,6 млн теңге сомасында 37 өтінім мақұлданған.