МИНИСТРЛЕР 13 МЛРД, ӘКІМДЕР 4 МЛРД ТЕҢГЕНІ ИГЕРМЕГЕН
Жыл басынан бері бірқатар министрліктер мен өңірдегі әкімдіктер 17 млрд теңгені игермеген. Бұл туралы еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы аптада өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Осылайша атқамінерлер алшаң басып жүргенде межеленген мақсаттар өз уақытында орындалмаған.
Ведомства басшысы жыл басынан бері мемлекеттік бюджет шығыстары 99,7%-ға, республикалық бюджет шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 99,7%-ға орындалғанын атап өтті. Барлық деңгейдегі бюджет шығыстарының орындалуы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары.
Оның сөзінше, республикалық бюджет бойынша шығыстарға бөлінген 11 трлн теңгенің 19 млрд теңгесі жаратылмаған. Оның ішінде 6 млрд теңге үнемдеу есебінен жаратылмаса, қалған 13 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеген 13 млрд теңгенің көп бөлігі еліміздің Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау, Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне тиеселі. Аталған министрліктердің шығыстарды игеру кестесінен кешігіп жатуының негізгі себебіне нақты көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсынуы, сотта мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізу сияқты факторлар себеп болған.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында Қаржы министрі жергілікті бюджет шығыстарының орындалу барысына да тоқталды.
Өз кезегіне ол ағымдағы жылы өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделгенін, 1-қазандағы жағдай бойынша бағытталған қаржы көзі 1 трлн 525 млрд теңге болғанын атап өтті. Бағытталған 1 трлн 525 млрд теңгенің 99,5%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 7 млрд теңге. Оның ішінде үнемделгені — 3 млрд теңге болса, игерілмегені — 4 млрд теңге. Министр бюджет қаржысын игермеген өңірлерді де атап өтті. Яғни игерілмеген қаржының едәуір бөлігі Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарының үлесінде екен.
Ведомства басшысы мемлекеттік бюджеттің кіріс жоспары 95,5 пайызға атқарылғанын айтты. Есепті мерзім ішінде мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түссе, республикалық бюджетке 3 трлн 853 млрд (85,8 %) теңге кіріс түскен.
Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құраған. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауының негізгі себептеріне қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі.
Өз кезегіне Ерұлан Жамаубаев корпоративтік табыс салығының атқарылмауының негізгі себептеріне экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3%-ға құлдырауы, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жылдың басымен салыстырғанда әрекетсіз салық төлеушілер санының 10,6 мыңға, оның ішінде заңды тұлғалар санының 5,5 мың салық төлеушіге ұлғаюы, 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі, екінші деңгейлі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы сынды факторлар әсер еткенін алға тартты. Ал қосылған құн салығы бойынша кірістер жоспарының атқарылмау себептеріне өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 60%-ға немесе 201,3 млрд теңгеге өсуі, «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 11%-ға азаюы,карантин режимінің енгізілуіне байланысты шамамен 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігінің құлдырауы және олардан келетін түсімдердің 486 млрд теңгеге азаюы, 2019 жылғы 8 аймен салыстырғанда ҚР-ның үшінші елдермен тауар айналымының 11,9%-ға, 2019 жылғы 7 аймен салыстырғанда ЕАЭО елдерімен 11,1%-ға төмендеуі кері әсерін тигізген.
Сондай-ақ ведомства басшысы жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ға атқарылғанын және 2 трлн 274 млрд теңгені құрап, жалпы жоспар 348 млрд теңгеге (оның ішінде салықтар бойынша — 319 млрд теңгеге) асыра орындалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол, барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалғанын мәлімдеді.