КҮЗЕТШІЛЕР, ЖҮРГІЗУШІЛЕР, ЕДЕН ЖУУШЫЛАР…елімізде қандай жұмысшыларға сұраныс көп?
Қазақстанда арнайы интернет платформасында 137,9 мың бос жұмыс орны және 62,2 мың түйіндеме орналастырылған. Электронды еңбек биржасының мәліметінше ең көп сұраныс білім беру саласында байқалады. Бүгінде білім беру саласында 18 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар елімізде жылыту маусымының басталуына байланысты от жағушыларға, қазандық операторлары және қазандық машинистері сынды жұмысшылардың тапшы екені анықталған. Қыркүйек айынан бастап аталған жұмысшылар үшін 3 мыңнан астам бос орын болған.
«Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен өтіп жатқан санаққа байланысты қыркүйекте 7,8 мың интервьюер бос жұмыс орны орналастырылған. Ашылған бос жұмыс орындарының көбі Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарына тиесілі.
Елімізде күзетшілер іздеп жүрген жұмыс берушілер де көбейе түскен. Олар үшін 2,3 мың бос жұмыс орны бар болса, автокөлік жүргізушілері үшін 2 мың, тәрбиешілер үшін 2,3 мың бос жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар ас үй қызметкерлері мен еден жуушы сынды жұмысшыларға сұраныс артқан. Елімізде жұмыссыздық мәселесі өзекті екені жиі айтылады. Ал кей мәліметтерде жұмысшылардың тапшы екені көрсетіледі. Сонда жұмыс орны көп пе әлде екі қолға бір күрек тапқысы келмейтіндер көп пе?