БЕЙБІТ КҮНДЕ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ БОЛМАЙДЫ

Елімізде өлім жазасы қарастырылған баптар саны тағы да қысқарды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ҚР Қылмыстық Кодексіндегі барлығы 26 бап бойынша өлімі жазасы  қолданылса, 2014 жылы  соның тоғызы қысқарып, 17 бапта  өлім жазасы қарастырылған. 

Атап айтқанда, басқыншылық соғысты тұтандыру және жүргізу (160-бап), Қазақстан Республикасының халықаралық шартында тыйым салынған жаппай қырып жою қаруын қолдану (163-бап), Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзып адам өлтіру (164-бап), Соғыс уақытында жасалған геноцид (168-бап), ҚР Тұңғыш президенті Елбасының өміріне қол сұғу (177-бап), ҚР президентінің өміріне қол сұғу (178-бап), Диверсия (184-бап), Терроризм актісі (255-бап), соғыс уақытында бұйрыққа бағынбай немесе өзгедей орындамау (437-бап), соғыс кезінде әскерден қашу (442-бап) және т.б. Енді осы 17 баптың 13-нен жазаның бұл ауыр түрі алынып тасталды. Өлім жазасы тек Қылмыстық кодекстің төрт бабында ғана қалдырылады. Оның өзінде өлім жазасы тек соғыс болған жағдайда ғана қолданылады. Осыған сәйкес соғыс кезінде жаппай қару қолданғандар, әскери тұтқындарды өлтіргендер, геноцидке жол бергендер мен биологиялық, ядролық, химиялық қаруды қолданғандар өлім жазасына кесілетін болады.
Сәрсенбіде өткен Мәжіліс отырысында осындай заң жобасы қаралды. Құжатты Бас прокуратура әзірлеген.
Бас прокуратура өкілдері енді терроризм, диверсия сынды қылмыс жасағандар өлім жазасына кесілмейтінін айтады. Олар тек өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев халықаралық тәжірибеде лаңкестік жасағандарды өлім жазасына кесу қылмыстың бұл түрінің азаюына ықпал етіп жатпағанын, ал елімізде болған тәжірибеде адам өлтіргендерге өлім жазасын қолданатын кезге қарағанда, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолдану кезінде кісі өлтіру деректері екі-үш есеге азайғанын алға тартады. Сонымен қатар ол, құжатқа сәйкес өлім жазасы қылмыс жасалғаннан кейін 1 жыл өткен соң ғана қолданылатынын, егер соғыс аяқталса, бұл шешім өз күшін жоятынын жеткізді.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.
Айта кетейік, елімізде өлім жазасына қатысты мезгілсіз мораторий 2003 жылдың желтоқсан айында жарияланған болатын. Оған дейін елімізде өлім жазасына кесу туралы 536 сот үкімі орындалған екен.