ТҰҚЫМБАҚТЫҢ АУМАҒЫ АРТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық даму мәселесі туралы «Бұл мәселемен бүкіл өркениетті әлем айналысуда. Сол себепті біз одан тыс қалмауымыз керек. Осыған сәйкес, алдағы бес жылда орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызылады деп жоспарлануда. Бұл акция елімізді кең ауқымда көгалдандыруға мүмкіндік береді» деген болатын. Бұл мақсатты жолға қою – жалпыға ортақ мәселе.

Осы бағытта жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін Шымкентте ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған орман тұқымбақтарын дамыту көзделіп отыр.
Нәтижесінде Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі тұқымбақ аумағы жыл соңына дейін 2,8 гектардан 8,2 гектарға ұлғайтылатын болады. Бұл мақсатта аталған мекемеге мемлекеттік орман қорынан 752,8 гектар жер учаскесі бекітіліп берілді.
Тұқымбақ жер учаскелерінде қаланың жасыл белдеу көлемін ұлғайту мен қала көшелерін, өндірістік нысандарын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұта көшеттерін өсіру көзделуде. Бірінші кезекте тұқымбақтың 8,2 гектарына 19 түрлі ағаш-бұта тұқымдары өңдеп себіледі және 1,7 гектар жерге әртүрлі тал, ағаш, бұталардың 140 мың дана қаламшасы отырғызылады. Жоба бойынша өсіріліп жатқан ағаш-бұта көшеттерінің саны 1 миллион 770 мың данаға жетуі тиіс.
Өткен жылы аталған тұқымбақтағы 2,8 гектар жерге 18 түрлі ағаш-бұтаның 86 220 тұқымы егілді. Атап айтқанда қарағаш, үйеңкі, емен, талшын, өрік, бадам, қарамала, шаған және шабдалы, жиде, алмұрт, жай арша, айлант, сакура, катальпа, терек, бүйірген, сәмбі тал.
Сонымен қатар мекеме тарапынан ағымдағы жылы тұқым жинау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1863 келі (1500 кг – емен, 3 кг – алма, 30 кг – өрік, 50 кг – қара өрік , 280 кг – талшын) ағаш тұқымдары жиналды.