ҚАРИЯҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛА!

Немене жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнеки, жағада тұр!-деп арқалы ақын жырлап өткендей жалғанның жағалауын жағалап, қарттықтың қара базарын жастықтың хан базарына айырбастаған жәкелеріміз әр ауылда баршылық. Олардың кейбірі қоғамның түйткілді тірліктеріне араласып, ауылының тұрмыс-тіршілігіне сергек көзбен серпіле қарап, тұтымды ойларын ортаға салып абыздық, ақсақалдық міндеттерін абыроймен атқарып жүрсе, енді бірі отбасының тілеуін тілеп, қара шаңырақтың қадірменді қарты қатарында қараша күн кешіп жүр.

Әбдуәлі көкеміз осы екі тарапты қариялардың алдыңғы қатарында жүрген ақсақалдар санатынан. Өмірде көрген білгенін, естігендерін есіне сақтап жүретін зерделі қария талай жылдар тамтұмдап жинаған, түртіп алып қойын дәптеріне түсіріп жүрген естеліктерін жинақтап маған тапсырған болатын. Ол қолжазбаны одан ары редакциялап баспаға бердік.
Осы аптада 1 қазан-Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай сызғандық қария Әбдуәлі Баймағанбетовтің естеліктерінен құралған сол шағын отбасылық кітап баспадан шығып келді. Мереке қарсаңында дереу иесіне арнайы барып табыстадық.

Аталмыш сүйіншілеген шараға «Созақ үні» газеті ЖШС директоры Ержан Абилпаттаев, Сызған ауылы әкімінің орынбасары Ермек Махмутұлы, ауыл ақсақалы, Сұлтанберді Арқаровтар арнайы барып қадірменді қарияның қуанышымен бөлісті. Қарияға қуаныш сыйлау қартын қадірлеген ұлттың міндетті борышы деп ұғынған азаматтарды ақсақал ақ батасын беріп, шын пейілімен қимай қоштасып аттандырды.

.