«АСАРДА» АЙРЫҚША МЕКТЕП АШЫЛДЫ
Үшінші мегаполистегі «Асар» шағынауданында физика-математика бағытында тереңдетіп білім беретін «Intellect» лицейі ашылды. Заманауи үлгіде бой көтерген мектеп 5,6,7,8,9 сыныптарға арналған. Білім ұясында жалпы пәндер бойынша қосымша сабақтар жүргізіліп, шахмат, домбыра және тігін үйірмелері де жұмыс істейді. Білім мекемесі 600 орынға лайықталған. Қазір мұнда жан басына қаржыландыру әдісімен 277 оқушы ақысыз білім алып отыр.
Лицейдің салтанатты ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкент қаласында 70 мектеп болса, қазір білім мекемелерінің саны 200-ден асқанын, онда 250 мыңға тарта бала білім алып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол:
– Соңғы жылдары білім саласына инвесторлар тартылып, жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептер көптеп салынуда. Соның бірі – «Intellect» физика-математика лицейі. Осының барлығы жас ұрпақтың білімді болуына мемлекеттің айрықша назар аударып отырғанын көрсетеді, -деді.
Салтанатты жиында «Ummet» қорының өкілдері оқушыларға мектеп формаларын сыйға тартты.