ТӨРТ МЫҢНАН АСА АДАМ БОСТАНДЫҚ ДӘМІН ТАТАДЫ
Былтыр дәл осы қазан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қылмыстық жауапқа тартылғандарға рақымшылық жасалатынын мәлімдеген. Президент амнистияға ел тұрғындары мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі түрде қатер төндірмейтіндер ілігетінін хабарлаған.
Жуырда сол рақымшылыққа ілігетіндердің санаты жарияланды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа темір тордың ар жағында отырған зейнет жасындағы сотталғандар, елу жасқа толған және одан үлкен әйелдер, алпыс жастан асқан ерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, аяғы ауыр келіншектер, ана құқынан айырылмаған балалы әйелдер мен кәмелет жасына толмай қылмыс жасағандар ілігетін болды. Яғни жеңіл және орта деңгейде қылмыс жасағандар түрмеден мерзімінен бұрын босайды.
Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмысқа барған кейбір азаматтардың да жазасы жеңілдетіледі. Ал педофилдерге, жемқорларға, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына, адам өлтіргендер мен экстремистерге рақымшылық қолданылмайды.
Естеріңізде болса өткен айдың басында Парламент Мәжілісінің депутаттары «ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын қарауға кіріскен болатын. Құжатқа Президент қол қойса, 4 мыңнан аса адам бостандық дәмін тататын болады.
Айта кетейік, егемен ел болған 30 жыл ішінде Қазақстанда 10 рет рақымшылық жасалған. Ең алғаш амнистия 1991 жылдың басында жарияланса, одан кейін 1994, 1996, 1999, 2000, 2001, 2002, 2006, 2011, 2016 жылы болған.