ЖЫЛДАР БОЙЫ САҚТАЛЫП КЕЛГЕН…

Еліміздің Қорғаныс министрлігінде өзегі тарқалмаған өзекті мәселенің бірі – пайдаланылмайтын оқ дәрілерді кәдеге жарату болып тұр. Осы аптада еліміздің Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов аппарат кеңесін өткізді. Жиында оқ-дәрілер қоймаларын тексеру барысында алға шыққан ең басты мәселе осы екені айтылды. 

Қазіргі таңда қоймалардағы ол дүниелер әскери мүлік ретінде қолданылмайды. Заң бойынша оларды кәдеге жарату жұмысын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізуі тиіс. Алайда аталған ведомстваның пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюға мүмкіндігі шектеулі. Нәтижесінде Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болып келеді.
Тығырықтан шығар жол табу үшін Қорғаныс министрлігі Үкіметтің ағымдағы жылдың 30-қыркүйегінде қабылдаған №964 Қаулыны әзірледі. Аталған құжатқа сәйкес, енді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қорғаныс министрлігімен бірлесіп, пайдаланылмайтын оқ-дәрілердің көзін құртады. Оларды қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жою саперлердің күшімен іске асады.
Естеріңізде болса, осы жылдың 26-тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауылындағы 28349 әскери бөліміндегі қоймадан өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған болатын. Төтенше жағдай салдарынан 17 адам қаза тапқан. Бір адам әлі іздестіріліп жатыр. Қапыда қайтыс болғандардың арасында азаматтық қорғау органдарының он қызметкері, қорғаныс министрлігінің алты әскери қызметкері мен әскери прокурор болған. Айдың-күннің аманында осындай жағдайлардың орын алуына жол бергені үшін сол кездегі Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қарата сындар қарша бораған еді. Сол кезде Нұрлан Ермекбаев ҚР Президентіне отставкаға кету туралы рапорт жазған. Көп ұзамай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Н. Ермекбаевтың жұмыстан кету туралы өтінішін қанағаттандырады. Араға аз уақыт салып оның орнына ведомства басшысы болып Мұрат Бектанов тағайындалған.
Жылы орнынан кетер алдын экс-министр Н. Ермекбаев Қазақстан әскеріндегі барлық нысандағы, бүкіл қоймалардағы оқ-дәрілердің сақталуына тексеру жүргізу туралы бұйрыққа қол қойып кеткен.