АСТЫҚТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ШЕТЕЛГЕ САУДАЛАНЫП ЖАТЫР…
Қазақстанда қымбатшылық қысып барады. Жуырда ғана еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері нан бағасының қымбаттауы мүмкін екенін айтқан. Осы аптада Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев нан бағасының өсіп жатқанына алаңдады. Депутат қажетті шаралар қаралмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертіп, нан бағасын тұрақтандыру бойынша өз ұсынысын айтты.
Төменгі палата депутаты биылғы құрғақшылық қамбаға түсетін астық түсімінің жылдағыдан төмен болуына өз әсерін тигізбей қоймағанын алға тарта отырып, «Ұн тартушыларға шикізат жетіспейді. Астық өңдеушілер қауымдастығы тапшылықтың қолдан жасалуына жол береді. Өндірушілер бағаның одан әрі өсуін күтіп, астықты өздерінде ұстап қалуы мүмкін. Қазір жұмсақ бидай тоннасы шамамен 125 мың теңге тұрады»,-деді.
Сонымен қатар ол, астықтың басым бөлігі шетелге саудаланып жатқанын, бұл ұн тартушылардың өз нарығын жоғалтып, тұтастай бір сала үлкен проблемаларға тап болуы мүмкін екенін ескертті. Мұны алдын алу үшін депутат тауар нарығында бидайдың жеткілікті көлемін сатып алу бойынша интервенция жүргізу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» тұрақтандыру қорларына Үкімет резервінен қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесін шешуді сұрады. Егер депутаттың ұсынысы қолдау тапса бұл алдағы уақытта нан, жарма және макарон өнімдері бағасының тұрақтануын қамтамасыз ететін көрінеді.
Депутаттың бұл уәжінен билік нақты іске көшуі неғайбыл. Селт етер билік болса, осыдан бірнеше күн бұрын (22-қыркүйекте) Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринге әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Алайда…
Жалпы депутаттардың азық-түлікке қатысты дабыл қағуы бір бұл емес. Тіпті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту туралы да ұсыныс болған. Кезінде. Қателеспесек, осы жылдың маусым айында. Сол уақытта сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет сағатында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының тізімін кеңейтуді ұсынған болатын. Бұл туралы ойын сенатор «Мемлекет реттейтін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне Ресейде 24 түрі, Беларусь Республикасында – 28 түрі енген. Ал Қазақстанда бар болғаны – 19. Бізде бұл тізімде еттің, көкөністің, жарманың кейбір түрлері жоқ. Ал жеміс-жидек пен балалар тағамы тіпті енбеген. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес. Біздің халқымыз тек азық-түліктің 19 түрін тұтынбайды. Осыған орай, елімізде бағасын мемлекет реттеуі тиіс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін кеңейту туралы пікірлеріңіз қалай?», — деп келтірген.
Депутаттың бұл ұсынысына сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров екі сөзге келмей келісетінін бұл бойынша мемлекеттік органдармен бірге тиісті талқылау жүргізу керек екенін жеткізген. Сол кезде аз уақыт ішінде ауыл шаруашылығы саласын алға жылжыта алмағаны үшін сынның астына қалып, министрлік қызметінен отставкаға кететіні үш ұйықтаса да түсіне кірмеген Сапархан Омаров Ресей мен Беларусь Республикаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде біздің елмен салыстырғанда анағұрлым мол тауар болғанмен, ондағы кейбір өнімдер, атап айтқанда, шошқа еті, кептірілген балық сияқты тауарлар бізге тән емес екенін атап өткен-тін.
Бірақ ол елдердегі әлеуметтің маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізімінде дәруменге бай өзге де өнімдер бар екенін экс-министр бүгіп қалғанын біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, Ресейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде шошқа еті мен кептірілген балықтан бөлек, сиыр, қой еті, тауық еті, сары май, өсімдік майы, сүт, жұмыртқа, тұз, қара шай, бидай ұны, қара нан, нан-тоқаш өнімдері, күріш, тары, қарақұмық жармасы, вермишель, картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз бен алма (барлығы 24 өнім) кіреді. Ал Беларусь Республикасында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тізімінде сенатор айтқандай 27 емес, 33 түрлі өнім бар. Осы жылдың қаңтар айынан бастап аталған елдің Министрлер Кеңесі бағасы бір жыл ішінде 90 күннен аспайтын монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігімен реттелетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесін кеңейткен. Тізбеге барлығы 33 түрлі өнім кірген. Олар: балғын балық, мұздатылған балық, балық консервілері, сиыр, тауық, шошқа еті, тағамдық қосымша ет өнімдері, ет консервілері, пісірілген шұжық өнімдері, жартылай ысталған шұжық өнімдері, пастерленген сиыр сүті және сиыр сүтінен жасалған айран, қаймақ, сүзбе, ірімшік, өсімдік майы, сары май, маргарин, жұмыртқа, ұн, қара нан, нан-тоқаш өнімдері, макарон өнімдері, сұлы жармасы, қант, күріш, қарақұмық, тары жармасы, арпа жармасы, тұз, балалар тағамы: құрғақ қоспалар, жарма, консервілер, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, сарымсақ, қызылша, тәтті бұрыш, қияр, қызанақ, қызылша, алма, қара шай, кофе,ыдысқа құйылған ауыз су, сіріңке, иіссабын, кірсабын, дәретхана қағазы, қағаз майлықтар, әйелдер мен балаларға арналған гигиеналық төсемелер.
Әлемнің дамыған елдері экономикасының 2020-2021 жылдардағы рейтингісі бойынша Қазақстаннан үш саты төмен тұрған (59-орын) Украина елінің өзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізімінде ірімшік бар екенін де айта кетейік.
Осыдан-ақ, осыдан он жыл бұрын бекітілген азық-түлік тізімін жаңарту қажеттігі айтпаса да түсінікті сияқты. Айта кетейік, елімізде 2010 жылы бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде 19 түрлі өнім бар. Олар: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған пішінді бидай наны, өлшеніп салынатын рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5 пайыздық пастерленген сүт, майлылығы 2,5 пайыздық жұмсақ қаптамадағы айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық сүзбе.
Бір депутат бұл тізімді кеңейту керек деп мәселе көтерсе, енді бірі ондағы өнімдер бағасын тұрақтандыруды сұрауда. Ал Үкімет бірінші кезекте тұтынатын тағамдардың бағасын ырықтандыруға елеулі түрде ықпалын тигізе алмай отырғанда, жақын күндері әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының түрін саналуан түрлі өніммен толықтыра қояды дегенге сену де қиын емес сияқты. Бұдан Парламент қабырғасында отырған халық қалаулыларының қалауына билік әрдайым құлақ аса бермейтінін түсіну қиын емес. Сөз көп. нәтиже тым аз… Депутаттар дабыл қаққанмен, Үкімет әдеттегідей үнсіз…