ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЙТА ВАКЦИНАЛАУ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

Елімізде эпидахуал тұрақтала бастады. Жағымды жаңалықты еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді. Дегенмен де мемлекет басшысының таяуда ғана пандемияға байланысты бұрынғы өмірге қайта оралу әлі де мүмкін болмай отырғанын қынжыла жеткізгенін еске түсірсек, арқаны кеңге салу әлі де қауіпті екенін түсіну қиын емес.

Қазақстанның көптеген өңірлерінде індеттің таралу көрсеткіші біршама төмендегенімен, күн тәртібінде наурыз-сәуір айларында коронавирусқа қарсы екпе алғандарға қайта вакцина салдыру мәселесі шығып отыр. Себебі сол уақытта вакцина салдырғандардың «жасыл» мәртебесіндегі мерзімінің аяқталуына жақын қалды. Олар осы айдың аяғы мен қазан айының басында вакцинасын жаңартуы керек делінгенімен, тиісті ведомства бұл сұраққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық ұйымдар нақты шешім шығармай отырғанын, сондықтан түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын алға тартуда.
Сонымен қатар министр елімізде эпидахуалдың жақсаруын вакцина салдыру қарқынымен байланыстырады. Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 7623541 адам салдырса, екінші бөлігін қабылдағандардың саны 6,5 млн-нан асқан. Аурудың тіркелу көрсеткішінің төмендеуінен өңірлерде коронавирусқа қарсы ем-шара жүргізетін инфекциялық ауруханалар жабылуда.
Қазіргі таңда елімізде коронавирустың тіркелуі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстары ғана «қызыл» аймақта тұр. Ал Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары «жасыл» түсте болса, қалған өңірлер «сары» аймаққа ойысқан.
Мамандар індеттің ілмегіне ілікпеудің жалғыз жолы вакцина салдыру екенін сан рет айтқанымен, сақтық шараларын сақтамаса, екпе қабылдағаныңызға қарамастан аурудың ағзаңызға ауыз салуы әбден мүмкін. Оған еліміздің Денсаулық сақтау министрінің осы аптадағы Үкіметте өткен брифингте жасаған мәлімдемесі негіз болады. Өз кезегінде Цой ағымдағы жылдың 1-ақпанынан бастап тамыз айының соңына дейінгі аралықта вакцина салдырған 482 адам КВИ-ден қайтыс болғанын мәлімдеген. Ол бұл көрсеткіш коронавирустан көз жұмғандар үлесінің шамамен 5 пайызын ғана құрайтынын атап өткен. Министр инфекциядан қайтыс болғандардың басым бөлігі вакцина салдырмағандар екенін нақтылаған.