ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫМБАТТАМАҒАН НЕ ҚАЛДЫ?
Қазір ғаламторға зер салсаңыз да, жаңалықтарға көз жүгіртсеңіз де қымбатшылықтың қысып бара жатқаны туралы ақпаратпен бетпе бет келесіз. Күнделікті тұтынатын тауарлар үшін бағаның бой бермей келе жатқаны жылдың басынан бастап бүгінге дейін айтылып келеді. Атқамінерлердің көтерілген баға туралы айтатын уәжі де дап-дайын. Бірде пандемияны сылтау етсе, бірде арадағы делдалдарды желеу етеді. Соңғы күндері қымбатшылықтың белең алуын қуаңшылықпен байланыстыру «дәстүрге» айналды.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Жыл басынан бастап үй бағасының қымбаттауы басында баспанасы жоқтан есі екеу, түсі төртеу болып жүрген азаматтарға оңай тимеді. Бір жағынан мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарының белгіленген шекті көлемінен артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жаратуға мүмкіндік беруі нарықта үй бағасының өсуіне ықпал етті. Сол кезде сарапшылар баспана бағасының бұлайша қымбаттауы уақытша құбылыс екені туралы болжамдар жасаған. Бірақ қайран уақыт сарапшылар бұл болжамы бос сөз екенін көрсетіп берді.
Тұрғын үй бағасы шарықтамаса, дәл қазір түсейін деп тұрған жоқ. Жуырда ғана Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ералиев алдағы жылдың көктемінде баспана бағасының 20-30 пайызға қымбаттайтыны туралы мәлімдемесі сол сөзімізге негіз. Өз кезегінде Талғат Ералиев баспана бағасының қымбаттауына құрылыс материалдарының 60-тан 90 пайызға дейін қымбаттауы себеп болғанын алға тартады. Оның үстіне тұрғын үй құрылысы үшін кететін құрылыс материалдарының жартысына жуығы шетелден импортталатыны да жығылғанға жұдырық болған. Жалпы Қазақстанда құрылыс материалдарының қымбаттауы мамыр айында қатты байқалды. Биліктегілердің бұған айтар уәжі қымбатшылықтың тек елді ғана емес, әлемді жайлап жатқаны деуден әріге аспады.
Жыл басынан бері бүгінге дейін айтыла-айтыла жыр болған мәселенің бірі – әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағаларының күрт көтерілуі болды. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 3,2 пайызға өссе, 8 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін бір-ақ жеткен.
Биыл қымбатшылық бой ұрған алғашқы өнімнің бірі жұмыртқа болды. Осы жылдың наурыз айында жұмыртқа бағасы 33 пайызға дейін өсті. Дүкен сөрелеріндегі 10 дана жұмыртқаның бағасы 480 теңгеге дейін шарықтады. Өкінішке орай бұл баға бүгінге дейін көтерілмесе түскен жоқ. Ал еліміздің Сауда министрлігі болса, жұмыртқа бағасының бұлайша қымбаттауына өткен жылғы құс тұмауы салдарынан өнім өндірісінің 8,4 пайызға қысқаруы, жемдік астықтың қымбаттауы екенін алға тартты.
Сонымен қатар биыл сары май бағасы да аспандап кетті. Еліміз сары маймен өзін өзі қамтамасыз етуі жағынан мәселе жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нарықта сатылған 4 келі майдың үш келісін қазақстандық май өндірушілер шығарған. Тиісінше өндірілген өнім көлемі де 24,6 мың тоннаға жетіп, бір жылдағы өндіріс 30,1 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Десе де оның бағасы бір келі үшін 2700-3200 теңге аралағына дейін жеткен.
Сүт өнімдерінің бағасы да 8 пайызға қымбаттап, қарапайым халықты қыспаққа алды. Сондай-ақ биыл күнбағыс майы бірден 60 пайызға шарықтап, бір литрі 800 теңгеге дейін жетті. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының тамызда таратқан дерегі бойынша қазіргі таңда күнбағыс майы ең арзан өңір Ақтөбе облысында сатылуда екен. Ол жерде бір литр күнбағыс майы 621 теңгеден басталса, Түркістан облысында 773 теңгеден сатылуда. Мамандар күнбағыс майының қымбаттауының басты себебі күнбағыс өнімінің аздығы екенін айтуда.
Биыл Қазақстанның біраз өңірлерінде қуаңшылық болды. Оның зардабын Маңғыстау мен Қызылорда облыстары қатты тартты. Жыл басынан бастап синоптиктер жауын-шашын мөлшері жылдағыдан аз түсетіні туралы ескерту жасаса да, сала мамандары арқаны кеңге салып жүре берді. Нәтижесінде Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мыңдаған мал қырылып тынды. Сол кезде бұл жағдайдың ет бағасының қымбаттауына апаратыны туралы сөздер желдей ескен еді. Жындының сандырағы келеді дейміз бе, әлде, жаман айтпай жақсы жоқ дейміз бе әйтеуір сол кездегі сәуегей сөздер орындала кетті. Жыл басынан бері қой еті 14 пайызға өскен. Жылқы мен сиыр етінің де құны көтерілуден қалар емес. Тоғыз пайызға қымбаттаған. Мал өсірушілер мен алып сатарлар күн суытқанда бағаның тағы көтерілуі мүмкін екенін айтуда. Бұл бағасы онсызда қалтаны қағатын ет өнімін тұтынушылар санын тағы да азайта түсуі әбден мүмкін. Ресми деректерде осы жылы елімізде қызылды тұтынатындардың қатары 10 пайызға азайғаны айтылып жүр. Бүгінгі нарықта қой еті 2400-2600-ден. Ең қымбаты жылқы еті. Ол үш мың теңгеден жоғары. Кәсіпкерлер ет бағасының қымбаттауын шаруалар шығынының арта түскенімен байланыстырады. Жанар-жағармайдың қымбаттап, жем-шөптің жетіспейтіні қорадағы төрт түлікті қоңды етіп ұстауға қиындық тудыруда. Ет қымбат деп тауық етін алатын заман да келмеске кететін сыңайлы. Себебі тауық еті де ырыққа көнбей бара жатыр.
Елдегі қат өнімдердің бірі қант бағасы да 10 пайызға дейін қымбаттаса, қарақұмық жармасының құны 7,5 пайызға көтерілді. Картоп бағасы да жаз айында 400 теңгеге, ал сәбіздің бір келісі 800 теңгеге дейін өскені қазақстандықтарды біраз шығынға ұшыратқан. Бірақ тамыз айынан бастап картоп пен сәбіздің бағасы тұрақталған. Дәл сол кезде картоп пен сәбіз бағасының күрт қымбаттауына сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі болған Сапархан Омаров «Біздің картоп әлі піскен жоқ. Сондықтан Өзбекстаннан жеткізілуде. Ал Өзбекстанда картоп маусымы саябырсығанда, біздің өнім ол жаққа экспортталады. Жылда осылай болады. Шамалы уақыттан кейін отандық картоп сауда нүктелеріне түседі де, жағдай өздігінен реттеледі» деп, ал сәбізге деген сұранысты Өзбекстаннан импорттау арқылы жауып отырғанын, көрші елде сәбіздің бағасы 55 пайызға шарықтағанын айтқан еді. Азық-түлік тауарларының қай уақытта жеткілікті болып, қай уақытта қат өнімге айналатынын зерделеуге бас қатырмай, тұрақтандыру қорындағы өнімдерді қажетті мөлшерде қамдамайтын шенеуніктердің шикі тірліктерінен халықтың зығырданы қайнап бітті. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та біліп отыр. Жуырда ол халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі ең өзекті мәселе азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі екенін алға тарта отырып, «Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс», — деп тапсырма берді.
Президент тапсырма бергенімен, алдағы уақытта қымбатшылықтың қыспаққа алатыны туралы ақпараттар толастар емес. Мәселен, 2023 жылға дейін көлік пен техника бағасы тоқтаусыз қымбаттай беретіні туралы болжам айтылуда. Сонымен қатар биыл қуаңшылықтың болуынан астық бағасы көтеріліп отыр. Отандық агроқұрылымдар әр гектардан шамамен 14 центнерден өнім алуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Шикізаттың жылдағыдан аз болуы бір тонна астық бағасының 102 мыңнан 120-125 мыңға дейін өсуіне ықпал етіп отыр. Сарапшылар алқаптан астықтың аз түсуі дайын өнімнің яғни, нан бағасының 10 пайыз қымбаттауына әсерін тигізбей қоймайтынын әзірден айтып жатыр.
Қанша қымбаттаса да алуға мәжбүр болатын аяқ-киім бағасы да биыл 6 пайызға, балалардыкі 8,5 пайызға қымбаттап кетті. Бұл да талай отбасы үшін жығылғанға жұдырық болатын жағдай.
Ресми деректерде Қазақстандағы халықтың 15,3 пайызының қысқы және жазғы аяқ-киімдерді алуға мүмкіндігі жоқ екені анықталған. Елімізде аяқ-киім өндірісі былтырмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Жағымды жаңалық әрине. Бірақ дәл қылышын сүйреп қыс келе жатқанда аяқ-киім бағасының өсуі өкінішті…
Қыс демекші, жылу маусымы да келіп жетті. Атқамінерлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үйлерде жылудың жоқтығы туралы шағымдарға көміліп отырғанда, баспанасын қатты отынмен жылытатын талай жұрт уақытының көп бөлігін көмір алу кезегінде тұрумен өткізуде. Еліміз көмірге бай әлемдегі алғашқы он елдің қатарында болғанмен, оның бағасы жыл сайын қымбаттауда. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы қатты отынға бағаны мемлекет реттей алмайтынын, оның құны нарықтық қатынаста қалыптасатынын айтып, әлден басын ала қашуда.
Жылдағы дәстүрден жаңылмай биыл коммуналдық қызмет бағасы да біршама өсті. Осы жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық препараттар бір айда 0,3%-ға және бір жылда 3,3%-ға қымбаттағаны хабарланды. Айтпақшы, жуырда еліміздегі ұшақ билеттерінің қымбаттайтыны туралы ақпарат тағы айтылды. Елімізде қымбаттамаған не қалды?