МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛАНЫ ҚАЛЫПТЫ ОРТАҒА БЕЙІМДЕГЕН КӘНІГІ МАМАН

Шымкенттегі арнайы коррекциялық №28 «Гауһар» балабақшасында логопед қызметін атқаратын Елена Волошина – мыңдаған ата-ананың алғысын арқалаған қадірлі жан. Ол тілінде мүкісі бар бүлдіршіндерді қалыпты ортаға бейімдеуде кәнігі маман ретінде мойындалған. Кәнігі маман 33 жылдық еңбек жолын психикалық тежелуі бар балаларға арнаған.

Білікті маман жүргізген түзету жұмысы нәтижесінде балабақша түлектері жалпы орта мектептерінде білім алуда. Ол 33 жылдан бері әр жыл сайын 25-тен астам баланы қалыпты білім алуға тәрбиелеп шығарады.
Бүгінде арнайы балабақшадағы әдістемелік кеңесінің мүшесі Елена Петровна жыл сайын өтетін халықаралық конференцияларға қатысып, педагогикадағы арнайы түзету жұмыстары бойынша өзекті тақырыптарды көтеріп, өзінің тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Сонымен бірге баланың сөйлеуде тілін түзету бойынша ағарту жұмысын белсенді жүргізіп отырады. Еліміздегі арнайы мектеп пен балабақша ұстаздарына шеберлік-сабақтары мен семинар-тренинг ұйымдастырып, саладағы инновациялық технологияларды, өзі енгізген стандартты емес әдістермен бөліседі. Ұстаз Елена бүгінге дейін халықаралық және республикалық тәжірибелік конференцияларда баяндама жасаған. Осы салада жүрген бірталай маманның санасына сәуле беру мақсатында 12 ғылыми мақала жазған.
Биыл Елена Волошина «Инклюзивті қоғамды құруға бағытталған жастар бағдарламаларын қолдау және дамыту» атты әлеуметтік жобаға қатысып, сарапшы болып бекітілді. Сондай-ақ, осы жылдың сәуір айында қаладағы Әдістемелік орталығының үйлестіру кеңесіне мүше болды.
Балаларға деген сүйіспеншілігі, өз ісіне деген шеберлігі және жылдар бойы атқарған еңбегі үшін Елена Волошинаның өңіріне «Білім беру ісінің үздігі» мен «Ұлт ұстазы» төсбелгісі тағылған.