СЕГІЗ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕ ҮШ МЫҢНАН АСА АДАМ ЗАРДАП ШЕГІП ОТЫР

Шымкент қаласы Полиция департаментінің  өндірісінде ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржылық пирамидаларды құру бойынша 8 іс жан-жақты тергеліп, сотқа жолданған. Бұл істер бойынша барлығы 3393 адам жәбірленуші ретінде зардап шегіп отыр.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Серік Ергешов мәлімдеді.
Департамент өкілі алаяқтықпен күрес тек ішкі істер органдарының күшімен ғана емес, қоғам болып күресуді қажет ететінін алға тартады.
Айта кетейік, департамент тарапынан алаяқтық қылмыстарын болдырмау мақсатында тиісті профилактикалық іс-шаралар атқарылып, интернет желісі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бейнероликтер жариялануда.
Сондай-ақ жергілікті полиция басқармасы учаскелік полиция қызметкерлерімен өздерінің учаскелерінде жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық көліктер мен билбордтарға «алаяқтыққа жол жоқ» акциясымен мақалалар шығаруда. Одан бөлек, еліміздің Ішкі істер министрлігі тарапынан «Алаяқ» жедел профилактикалық іс-шаралары жүйелі түрде жүруде.
Сонымен қатар ол азаматтар алаяқтардың арбауына түскен жағдайда 102 нөміріне хабарласып, болған жәйт туралы арыз-шағым жазу қажеттігін ескертеді.