ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ ҮШ ҰСТАЗ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ

Жуырда Қостанай қаласында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауы  қорытындыланды. Салтанатты шараға еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Биыл оныншы рет өткізіліп отырған шара аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа- тұс келді.

Осыған байланысты шараның қорытынды рәсімі ұлы ағартушының туған жері Қостанай қаласында ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға еліміздің әр өңірінен барлығы 64 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болды. Тұғырдан көрінген ұстаздардың әрқайсысына 1000 АЕК көлемінде сертификат беріліп, «Үздік педагог» төсбелгісі тағылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақшалай сыйақылар тағайындалды.
Республикалық байқауда «Үздік педагог–2021» атағына ие болған 64 мұғалімнің қатарында шымкенттік үш ұстаз бар. Олар – №122 «Ақжар» мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Шолпан Бегманова, М.Х.Дулати атындағы мамандандырылған №8 гимназияның математика пәнінің мұғалімі Татьяна Харченко, №1 дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі Асел Турышова.
Жыл сайын ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын бұл республикалық байқауға Шымкент қаласынан 21 мұғалім қатысқан болатын. Республикалық кезеңде бақ сынаған 21 ұстаз сайыстың қалалық кезеңінде 75 мұғалім ішінен топ жарған. Республикалық ақтық сында олардың үшеуі үздік атанды.
Конкурс «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің іс-тәжірибесін насихаттау, мұғалімнің қоғамдық негізгі бейнесін қалыптастыру, қала мұғалімдерінің белсенділігін, дербестігін, креативтігін, шығармашылық ізденісін көтеру, нәтижеге бағытталған тиімді технология мен оқыту әдістерін іздеуге бағытталған.
Жеңімпаздарды анықтауда қатысушылардың кәсіби қызметтегі жетістіктері мен өз өңіріндегі білім беруді дамытуға қосқан үлесі, оқушыларының жетістіктері және білім беру ісіндегі соңғы технологияларды қолдануы ескерілген. Айта кетсек, қаладағы сараптау комиссиясының құрамында «Nur Otan» партиясы, Адалдық алаңы, жоғары оқу орны, педагогтардың шеберлік орталығы және «Өрлеу» орталығының өкілдері болған.
Ал қалада үздік болған 21 ұстазға жергілікті бюджеттен 300 АЕК көлемінде сыйақы табысталды.