БАСТЫ МАҚСАТ – ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БІЛІМ БЕРУ

Шымкентте биыл ашылған 20 мектептің қатарында «125 HIGH SCHOOL» мектебі бар. Білім ұясы 10-11 сыныптарға арналған. Осы жылдың 1-қыркүйегінен бастап жұмысын бастаған мектеп Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысатын оқушылар үшін білім беретіндігімен ерекшеленеді.

Қазір мектепте 254 оқушыға 48 мұғалім ҰБТ сынағының жеті бағыты негізінде білім беруде. Мектеп директоры Оралхан Темірханұлының сөзінше, білім мекемесінде оқушыларға білім беру ақылы түрде жүргізіледі. Дегенмен де жан басына қаржыландыру бағыты бойынша білім беруді жолға қою үшін тиісті мекемеге қажетті құжаттар тапсырылып, өтінімдер берілген. Мектеп басшысы Оралхан Темірханұлы «Мектепте оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай 8 түрлі жеңілдік қаралған. Мемлекет тарапынан мектебіміз қаржыландырылса білім алушылардың төлемақысына көп жеңілдік болар еді. Осы мақсатта құжаттарымызды тиісті мекемеге тапсырып, жауабын күтіп отырмыз»,-деді.

«125 HIGH SCHOOL» мектебі еліміздің 7 өңірінде оқу орталығы негізінде жұмысын бастаған. Қазір 27 орталық ішінде жетеуі мемлекеттік лицензиясы бар мектептер желісі болып жұмысын жалғастыруда. Білім мекемесінің негізгі миссиясы – бітіруші сыныптарды мектеп пен дайындық курсын екі жақты оқымай, арнайы әдістеме негізінде бір жерден білім беру.
Ұстаздардың айтуынша, білім алушылардың 70 пайызы химия-биология мен физика-математиканы таңдаған. Сонымен бірге география-математика, дүниежүзі тарихы-ағылшын тілі және адамның қоғамдағы құқығы-тарих бағытында оқиды.
Мектеп кәсіби бағдар беру, компьютерлік тестілеу, менторлық жүйе, «Коворкингті» орталық және сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын мотивациялық іс-шаралар өткізу жүйесін де тиімді жүзеге асыруда.
Бұдан бөлек, қалада жан басына қаржыландыру арқылы ҚР білім беру стандартына сәйкес жұмыс жүргізуді бастаған білім мекемесінің бірі – «Ali-T» ағылшын бастауыш мектебі. 160 орынға лайықталған мектепте қазір 154 бала білім алуда.
Бастауыш мектепте бекітілген білім стандартына сай 1-4 сынып оқушылары ақысыз оқиды. Ата-аналардың ыңғайы бойынша ұзартылған күн тобы ақылы жүргізіледі. Негізгі бағыты ағылшын тілін тереңдетіп оқыту болып табылады. Сондықтан ұзартылған күн тобында балалар ағылшын тілі, дүниетану және дене шынықтыру сабақтары қаралып, шет тілінде білім алады. Өрендер түске дейінгі бөлімде тегін оқыса, олардың үш мезгіл тамағы мен қосымша тереңдетілген пәндер ақылы болады.
Мектеп компьютер, моноблоктармен, интерактивті тақта, мультимедиалық сыныптармен жабдықталған. Арнайы медициналық қызмет көрсету кабинеті де бар. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері орнатылған. Мектепте шығармашылық топтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, таэквондо, батуттық акробатика, көркем гимнастика, шахмат, би өнері, көркем сурет т.б. үйірмелерде бала өзін-өзі дамытуға мүкіндік алады.