АУЫЗСУ БҰРҚАҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Шымкентте қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Мәселен, Әл-Фараби ауданында 6 орынға ауызсу бұрқақтары орнатылды. Тұрғындардың таза тіршілік көзін тұтынуға мұмкіндік беретін ауызсу бұрқақтары адам аяғы суымайтын атап айтқанда, «Арбат» демалыс саябағында, «Гүлжан» аялдамасындағы «Қызғалдақтың» жанында, Орталық саябақта, Қонаев пен Иляев көшелерінің қиылысында, «Моцарелла» мейрамханасының алдында және «Гипер хаус» сауда үйінің аумағына орнатылған.
Ауызсу бұрқақтарын орнату үшін бюджеттен қаржы бөлінбеген. Барлығы демеушілердің есебінен жүргізілген. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін ауызсу бұрқақтарына суға арналған сүзгі (АКВАФОР фильтр) орнатылған. Бұрқақта тіршілік көзі бей-берекет ақпайды. Суды тек арнайы батырманы басқан кезде ғана пайдалануға болады.
Алдағы уақытта тағы осындай 4 ауызсу бұрқағын іске қосу жоспарланып отыр.