ҚАЛАҒА 45 ОҢ ЖАҚ ӨТКЕЛ ҚАЖЕТ
Шымкентте барлығы 8 көшеге оң жақ өткел салу жұмыстары қарқын алған. Өз кезегінде жол-құрылыс жұмыстарының бұл түрі қалада көлік кептелісін болдырмау мақсатында жүргізілуде. Алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Шымкентте оң жақ өткелдің жалпы қажеттілігі 45 орын болған. Осы жылғы жоспар бойынша 8 көшедегі 10 орынға оң жақ өткел салынуда.
Оң жақ өткелдер Сыпырған ата-Әль-Фараби, Сыпырған ата-Темірлан тас жолының қиылысы, Рысқұлов-Адырбеков, Арғынбеков-Өтегенов, Рысқұлов-Шаяхметов, Рысқұлов-Қазиев, Шаяхметов-Арғынбеков және Арғынбеков-Байтереков көшелерінің қиылысында салынуда. Құрылыс жұмыстарын үш мердігер мекеме жүргізуде.
Аталған көшелерде жұмыс аяқталған соң 60 жол белгісі орнатылады. Оң жақ өткелін салу жұмысы осы жылдың сәуір айында басталған. Қазан айының соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.