ШЕТЕЛДІКТЕРДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ШАРТЫНЫҢ БОЛУЫ МІНДЕТТІ

Алдағы 15-қыркүйектен бастап медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталады. Биылғы жаңа ережеге сәйкес шетелдіктер мен еңбек мигранттары емханаға тіркелуі үшін оларда медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова мәлімдеді.
Оның сөзінше Қазақстан аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 3-бабы, 2-тармағы бойынша МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланады және міндеттер атқарады. Сонымен қатар ол «халықтың жекелеген санаттары үшін емханаға бекіту еркін нысандағы өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгінген кезде жүргізіледі. Бұл әдіс заң бойынша бала кезінен мүгедек болып тағайындалған зейнеткерлерге, мүгедектерге, қамқоршыларға, патронат тәрбиенушілеріне, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталушыларға, студенттерге, мерзімді әскери қызметшілерге, шет мемлекеттерде туылған балаларға және сенімхат бойынша тіркеуді жүзеге асыратын адамдарға ғана қол жетімді», — деді.
«ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Ұлықбек Оңалбаевтың айтуынша, тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады. Науқан кезінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына бекітіле отырып, азаматтар медициналық көмекті 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап ала бастайды. Яғни, жыл соңына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі.