ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ТЕХНИКАСЫ ТОЗҒАН

Депутат айтқан түйіткілге билік құлақ түре ме?

Осы аптада Мәжіліс депутаты Сергей Решетников еліміздегі Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарының сапасы мен санында бірқатар проблемалық мәселелер бар екенін ашып айтты.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Решетников «2007 жылы теңгерімге алынған «Апаттар медицинасы орталығы» жасақтарының далалық госпитальдары өз ресурсын толық игеріп, зақымданған жерлерін жоюды талап етеді»,-деді. Сонымен қатар ол «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әуежай аумағындағы 10 ангардың 5-і жөндеу жұмыстарын қажет ететінін, авиапарктың 27 тікұшағының 3-інде техникалық ақауы барын, 7-уіне техникалық қызмет көрсетілуде және олар ұшуға жарамдылық сертификатын күтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ депутат өндіруші зауыт тағайындаған 2 тікұшақтың пайдалану ресурсының мерзімі аяқталуға жақын екенін атап өтті. Халық қалаулысы бұдан бөлек, ТЖМ құрамына берілген азаматтық қорғаныстың 3 әскери бөлімінің 2-уі авариялық-құтқару жабдығымен және құрал-саймандармен жүз пайыз қамтамасыз етілмегенін де жайып салды. Оның сөзінше аталған әскери бөлімдердің радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау техникасымен жарақтандырылуы 80%-ды құрайтынын, бірақ оның 65%-ы жаңартуды талап ететінін, өйткені техникалық мүліктер ескіргенін тілге тиек етті.
Өзекті проблеманы халық қалаулысы бірінші вице-премьер Роман Склярдың назарына жолдады. Депутат түйіткілдің түйінін тарқату үшін жаңа робототехникалық технологияларды кеңінен игеру және енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұрады. Ол қазіргі таңда бірқатар елде күрделі өрттерді сөндіру үшін шынжыр табанды және дөңгелекті жүрісті роботтандырылған техника қолданылатынын алға тарта отырып, «жаңа робототехникалық технологияларды кеңінен игеру және енгізу бойынша қажетті түбегейлі шаралар қабылдауды, қолданыстағы өрт-құтқару техникасын, өрт-техникалық жабдықтарды жаңғыртуды немесе оларды заманауи үлгілерге ауыстыруды, азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын жақсартуды және материалдық қамтамасыз етілуін арттыруды, құтқарушылар үшін олардың аттестатталуын ескере отырып, зейнеткерлік жасын қайта қарауды сұраймыз»,-деді.
Депутаттың дабылына Үкімет қандай нақты шара қабылдайтыны белгісіз. Ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтардың тағдырына тікелей қатысы бар мәселені көтеріп отырған халық қалаулысының бұл сөзі көз жұма қарап отыратын дүние емес екені анық.
Мәжілістегі мінберде мұндай мәселенің көтерілуіне ағымдағы жылдың 26-тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауылындағы оқ-дәрілер қоймасында болған жарылыс түрткі болып отырғаны анық. 16 адамның өмірін жалмап, 100-ге жуық адам жарақат алған Жамбылдағы жарылыс болмағанда бұл мәселе бүкпеленіп қала беретін бе еді…
Жалпы депутаттардың еліміздің қорғаныс саласына қатысты шыр-пыр болуы тегін емес екенін мына қайран уақыт көрсетіп берген. Естеріңізде болса 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Оқыс оқиғадан төрт адам қаза тапқан. Осы мәселеге орай сол кездегі депутат, генерал Ержан Исақұлов Мәжіліс отырысында «Арыс қаласындағы Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймаларында КСРО әскері Ауғанстаннан шығарылған кезде әкелінген сансыз көп оқ-дәрілер мен снарядтар сақталуда. Ондағыдай оқиға келешекте де қайталануы мүмкін, ондай жағдайда ауқымы мен залал-зардабы да ауыр болмақ. Сол себепті оқ–дәрінің сақталуы мен кәдеге жаратылуы үшін жауап беретін лауазым иелерін мәжіліске шақыруды ұсынамын»,-деген болатын. Бірақ билік одан нақты нәтиже шығармады. 2019 жылдың маусымында Арыстағы Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймаларында алапат жарылыс болған кезде, депутаттың бұл сөзінен биліктің нақты нәтиже шығармағаны туралы қынжылыстар ақпарат құралдарында көп айтылған еді.

Қ.ҚАЛИЕВ.