МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ
ал, мақта шитін сепкен шаруалардың қалауы қандай?
Елімізде «ақ алтынның» отаны саналатын Мақтаарал мен Жетісай ауданарында мақта терімі басталып кетті.
Осы аптада Мақтааралдың Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қанат Айботаев басшылық жасайтын «Айбота» шаруа қожалығы алажаздай өсірген өнімін жинауға кірісті.
5 гектар жерге «Мақтаарал-4011» мақта сортын еккен қожалық агротехникалық шараларды толық орындаудың арқасында бірінші терімнің өзінде 25 центнерден өнім алды. Мақтаның әрбір келісін 30 теңгеден жергілікті ауыл тұрғындары теруде. Қожалық басшысы жинаған өнімін «Cotton-Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытына өткізетінін жеткізді.
Ал Жетісай ауданындағы мақта шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын шаруаның бірі Шолпанқұдық елді мекеніндегі «Нұрғиса» шаруа қожалығының иесі Нұрғиса Сейілбеков биыл 5 гектар жерге мақта тұқымын сепкен.
«Ауыл адамдары мақтаның әрбір келісін 20 теңгеден теріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей мақта өзге дақылдар сияқты 2-3 айда өнім бермейді. Ұзақ уақыт пісетін болғандықтан күтімді де көп жасаймыз. Осындай бейнеті көп шаруашылыққа қолайлы жағдай жасап, су мәселесін шешіп берген аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Егістік алқапты уақытылы суғарып отырдық. Мақтаның көсек құрттары аздап әбігерге салғаны болмаса, басқа мәселе болған жоқ. Өнім әзірге жаман емес. Бастысы мақта бағасы жоғары болып шаруалардың еңбектері жанса екен», — дейді Н.Сейілбеков.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында жалпы 35 мың гектардан аса жерге, Жетісай ауданында 44 мыңнан астам жерге мақта шиті себілген.