ШЫМКЕНТТІК «БИГ-БЕН» ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Шымкентте теміржол вокзалындағы қоғамдық сағат жөндеуден өтті. Қоғамдық сағатқа соңғы рет 2012 жылы жөндеу жүргізілген.

Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов сағат механизмін жөндеу жұмыстары толығымен аяқталғанын және оның беті қаланың логотипінің бейнесіне ауыстырылғанын айтады.
Лондондағы Биг-Бен сағат мұнарасының Шымкенттегі балама түрі болып саналатын қоғамдық сағат теміржол вокзалынан шыққан кезде гүлденген айналма жолдың ортасында орнатылған. Төрт бағытқа қараған сағат қаланың Ұлы Жібек жолының бойында орналасқанын айшықтайды.
Бағанның түбінде әр жағынан жануарлар орналасқан. Қала көркін айшықтап тұрған нысанды күтіп-ұстау жұмыстары жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.