ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Шымкентте шомылу маусымы ресми түрде аяқталды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев мәлімдеді. Ол биыл Шымкентте шомылу маусымы қауіпсіз өткенін алға тартты. Және осы бағытта жүргізілген практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешені өз деңгейінде жүргізілгенін атап өтті.
Департамент өкілі қалада ыстық ауа рауы әлі сақталып тұрғанын, сондықтан да судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша профилактикалық рейдтер жалғасатынын айтты.
Шомылу маусымында департаменттің жедел-құтқару жасағының 55 құтқарушысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Қала аумағында 40-қа жуық жеке құтқарушы 18 нысанда (аквапарктарда, бассейндерде) қосымша жұмыс атқарған. Сонымен қатар, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында интерактивті сабақтар, жиындар өткізілген. Қала көшелерінде 45 билборд, су айдындарында 120-ға жуық тыйым салу белгілері орнатылған. Сондай-ақ, 19 000-нан астам үгіт өнімдері (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылған. Брифинг барысында Нұржан Нұрханұлы судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды ата-анасының қарауынсыз қалдыру, жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау, шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау, жүзу құралдарын (катамаранды) құтқару кеудешелерінсіз пайдаланудан болатынын алға тартты.
Сондай-ақ, аталған департамент осы жылы аудан әкімдіктерімен бірге тұрмыстық жағдайы төмен жанұялардың балаларын суға шомылу орындарында жүзуді тегін үйрету бойынша бассейндердің иелерімен 10 меморандум түзген. Соған сәйкес, ағымдағы жылы 500 бала суда жүзуді үйренген.