БӘЙТЕРКОВТЫҢ БОЙЫМЕН ЖҮРЕТІН КҮН ЖАҚЫН ҚАЛДЫ
Биыл Шымкентте 9 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Олар Б.Момышұлы, С.Бәйтереков, Т.Рысқұлов, Ж.Тәшенов, Ғ.Иляев, Ж.Шаяхметов, Ақназар хан және Клара Цеткин көшелері. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 21,9 шақырымды құрайды.
Көлік ағыны жоғары көше болып табылатын С.Бәйтереков көшесінде жаяу жүргіншілер жолы мен веложол салу жұмыстары қызу жүруде. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Профиленд» ЖШС.
Жөнделетін көшенің ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Жаяу жүргіншілер жолына мәрмәр тас қосымшасымен жасалған жолаяқ төсеніші қойылған. Құрылысшылар мұндай қоспамен жасалған материал ұзақ мерзімге жарайтынын, әрі қыста тайғақ болмайтынын алға тартуда. Сонымен бірге, көшеде жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Көшедегі құрылыс жұмыстары күз мезгілінің соңына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.