БАЛАЛАРДЫҢ СПОРТҚА БЕТ БҰРУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балалар спортына басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деген болатын. Осы мақсатта Шымкентте қандай жұмыстар қолға алынды? Қандай бастамалар жолға қойылды?

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инстаграм желісі арқылы өткізілген тікелей эфир кезінде осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қала әкімі қазіргі таңда Шымкенттегі барлық мектептерде арнайы спорттық үйірмелер бар екенін, ол жерлерде 156 мың оқушы қамтылғанын алға тарта отырып, «қосымша қаламызда арнайы спорт мектептері мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша 10 спорттық ұйым бар. Ол жерде 17 мыңнан астам бала тәрбиеленіп отыр. Сонымен қатар, бұл көрсеткішті көтеру бойынша шалғай елді мекендерде 115 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Қазіргі кезде 15 спорт алаңшасының құрылысы аяқталуда. Қалғанының құрылысын салу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылуда»,-деді.
Бұдан бөлек, қала әкімі бұқаралық спорт пен балалар спортын дамыту бағытында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр балаға жан басына қаржыландыру нормативі бойынша жергілікті бюджеттен қаражат бөлінгенін атап өтті.
Бұл туралы Мұрат Дүйсенбекұлы:
– Мемлекеттік мекемелерден басқа жекеменшік мекемелердегі спорт секцияларына жан басына қаржыланжыру нормативі бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша кез келген спорт секциясы мен шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады. Бұл жүйеге қатысу үшін artsport.edu.kz бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасы ашылған. Сол платформа арқылы балалардың ата-аналары спорттың 71 түрі бойынша өтініш қалдыра алады. Бір айта кетерлігі өтініш беру кезінде ата-аналар таңдалған спорт түрі бойынша жаттықтырушылардың білімін де көре алады,-деді.
Сондай-ақ, қала басшысы спорттық және шығармашылық секцияларға жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің Шымкентте іске асуы бойынша төмендегі мәліметтерді келтірді.
– Балалардың спорттық секцияларға қатысуында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап, жыл аяғына дейін 341 млн. теңге қаржы қарастырдық. Осы ақшаға қалада 4096 баланың спорттық секцияларға қатысуын қамтамасыз ете аламыз. Соған сәйкес балалар осыған дейін үйірмелер мен секцияларға ақылы түрде қатысқан болса, енді тегін қатыса алады.
Бүгінде ата-аналардан түскен өтініштер саны 2713 болып отыр. Оның ішінде 2211 өтініш бекітілді. Спорттан бөлек, 1-маусымнан бастап, жан басына шаққанда қаржыландыру нормативі бойынша балаларды шығармашылық үйірмелерге қатыстыру мүмкіндігі қолға алынып отыр. Бұл үшін бюджеттен 72 млн. теңге қаралған. Бұл қаржыға 1000 баланың шығармашылық үйірмелерге қатысуы жолға қойылады. Тапсырыс 13 шығармашылық бағыт бойынша жүргізіледі. Олар хореография, саз өнері, көркемсурет, сәндік қолөнер, цирк, археология, поэзия, шығармашылық шеберханасы. Осы бағытта бүгінде ата-аналардан 688 өтінім түсті. Көпшілігі ұлттық би, халық биі, деректі және көркем кино, актерлік шеберлік өнерін таңдаған.