«ТҰРАНДА» БІТЕР ТІРЛІК КӨП
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қалалық құрылыс басқармасы тарапынан Шымкенттегі «Тұран» шағын ауданында 41 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңына айналған шағын ауданда тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін инженерлік инфрақұрылым жұмыстары да қарқын алған.
Атап айтқанда, шағын аудандағы №1,2,3,4,5,6,7,8,9,10,11,12,13 көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол, веложол және автомобиль жолдарының сызбалары да енгізілген. Осы жылдың соңына дейін жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан барлығы он көшенің алтауы (№ 1,2,6,7,8,10) пайдалануға беріледі. Ал қалған көшелердің құрылыс жұмыстары келер жылға өтпелі.
Бқдан бөлек, аталған шағын ауданда абаттандыру мәселесі де назарға алынған. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған мердігер мекемелердің басшыларымен кезекті жиын өткізді. Өз кезегінде қала басшысы тұрғындардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау үшін ең алдымен абаттандыру жұмыстарының маңыздылығын атап, әрбір салынып жатқан жаңа шағынаудандардың инфрақұрылымы мен келбеті заман талаптарына сай болуы керектігін айтты. Жиын кезінде мекеме өкілдері де қала басшысына көкейде жүрген өз ұсыныстарын жеткізді. Олар құрылыс барысында жиі кездесетін кемшіліктердің болуын алдын алу үшін нысан құрылысы бойынша жобалау құжаттарын бекіту кезінде оған мердігер мекеме өкілдері қатыса алатын арнайы техникалық кеңес құруды ұсынды. Шаһар басшысы бұл ұсынысты қолдады.
Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру жұмыстарынан бөлек, көгілдір отын жеткізу жұмыстары да қызу жүруде. Көгілдір отынды тұтыну кезінде қауіпсіздік шараларын барынша қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала мамандарының «Тұран» шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында көпқабатты үйлерді табиғи газ жүйесіне қосу мәселесі талқыланды. Аталған кездесуге «КазТрансГаз» Акционерлік қоғамы, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының газ инспекциясы бөлімінің мамандары қатысты.
Сала мамандары тұрғындарға табиғи газ жүйесі автоматтандырылған газ тарату станциясын қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін берілетінін түсіндірді. Сонымен қатар, пәтерлерде газ балонын пайдалануға болмайтыны жөнінде ескертті.
Айта кетейік, «Тұран» шағынауданында қазіргі таңда пайдалануға берілген 59 көпқабатты үй бар. Аталған шағынаудандағы тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету мәселесі автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдалануға берілгеннен кейін толық шешімін табатын болады.