ЕКПЕ ҚАБЫЛДАМАҒАНДАР ЖҰМЫСҚА БАРМАЙДЫ
Түркістанның бас санитары жаңа қаулы шығарды
Кеше Түркістан облысының бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов коронавирустың алдын алу мақсатында бұған дейін қабылданған қаулыға өзгерістер енгізді. Жаңа Қаулыға сәйкес, Түркісан облысы бойынша Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина алмаған жұмыскерлердің (тұрақты медициналық қарсы көрсеткіштері бар және соңғы 3 айда COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) офлайн режимде жұмысқа жіберілмейтіні жазылған. Сонымен қатар қаулыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлер 7 күнде бір рет ПТР-тест тапсыруға тиіс нысандар тізімі қоса тіркелген. Олар халыққа қызмет көрсету нысандары, моншалар, жарнама және жылжымайтын мүлік агенттіктері, сақтандыру компаниялары, әсемдік салондары, көтерме және бөлшек сауда орындары, мәдениет орындары, әуежай, теміржол, атвовокзал сынды жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін нысандар, білім беру мекемелері, қоғамдық тамақтану орындары және т.б нысандар болып табылады.
Жаңа қаулыға сәйкес 14-шілдеден бастап, Түркістан облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары демалыс және мереке күндері жабық болады. Жұмыс күндері орталық таңғы тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін шектеу шараларын сақтап жұмыс істейді.
Ашық базарлар мен жәрмеңкелер қызметіне рұқсат беріліп, облыста жолаушылар ағыны артатын уақытта автобустар саны көбейтіледі. Соған байланысты қоғамдық көлік қызметі тоқтамайды. Діни нысандарда медициналық бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, ашық ауада ұжымдық діни іс-шаралар, атап айтқанда жұма намазы, күнделікті православ дұғасын жасауға рұқсат беріліп отыр. Қаулыны меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғаларға орындау міндеттелген.
Қ.ҚАЛИЕВ.