91 МҮЛІК ИЕЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІГІ МЕН 424 ЖАЙ СЕРІКТЕСТІК ТІРКЕЛДІ
Тұрғын үйді басқарудың жаңа тәсіліне әлі 1700-ден аса үй тіркелуі керек.
Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес мүлік иелерінің бірлестіктері институтын немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды тапсырған болатын.
Тұрғын үйлерді басқарудың мұндай тәсілі бұрынғы пәтер иелерінің кооперативі механизмін алмастырады. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың төрағалығымен «Бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» қағидасымен жұмыс істейтін Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және Жай серіктестік (ЖС) құруға пәтер иелерін ынталандыру бойынша жиын өтті. Бүгінде қалада 91 мүлік иелерінің бірлестігі мен 424 жай серіктестік тіркелген. Қалада 2236 көпқабатты тұрғын үй бар екенін ескерсек, жаңа жүйе бойынша тіркеуден өтуі тиіс тұрғын үйлер әлі көп екенін түсіну қиын емес.
Жаңа жүйені толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз етуге жауапты сала мамандарының қатысуымен өткен жиында тұтынушылардың газ жабдығын қауіпсіз пайдалануы мен үй ішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсету келісім шартын жасау мәселелері де қаралды.
Бүгінде үшінші мегаполисте орталық газ жүйесіне қосылған — 192 780 абонент бар. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер бойынша 85 243 абонент болса, жеке сектор бойынша 100 362 абонент. Ал өндірістік кәсіпорындар және әлеуметтік нысандар бойынша 363 абонент, тұрмыстық шаруашылық мекемелер бойынша 6 812 абонент.
Осы ретте қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев авариялық-диспетчерлік қызмет бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйене отырып, 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымында газдан улану деректері көп тіркелгенін, өкінішті жағдайлардың басты себебі тұрғындардың техникалық талаптарды сақтамауы екенін алға тартты.
«Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан тұрғындармен қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 186 мың газ пайдаланушылардан 73 мыңы ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекемелермен (ВДГО) қауіпсіздік шаралары үшін келісім шарт жасалды»,-деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол, алдағы жылыту маусымына дейін тұтынушылардың техникалық қызмет көрсету келісім шартымен қамтылуын 75 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, жыл басында ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсету мекемесімен қаламыздағы газ жүйесіне қосылған абоненттердің 25 пайызы келісім шарт түзген болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 33 пайызға жеткен.