ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН ТАПШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУШІЛЕР ЖҮЙКЕСІН ЖҰҚАРТТЫ

ал тиісті ведомства бұл жағдайды неге алдын алмады?

Ағымдағы жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 3,83 млн. жеңіл автокөлік бар болған. Оның ішінде 763 802 автокөлік өткен жылы тіркелген. Еліміздің Ұлттық статистика бюросы келтірген деректерге сүйенсек, былтыр тіркелген көліктер саны 2019 жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға аз болған. Бірақ биыл жеңіл көлік тізгіндегендердің саны былтырдан біраз есе артық болатын сыңайлы. Айталық, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында тіркелген жеңіл көліктердің саны 288,1 мыңды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға көп. Бірақ қолданыстағы бұл көліктердің жай-күйі қандай?

Жуырда отандық energyprom.kz сайты еліміздегі бес көліктің үшеуі тізгінде болғанына 10 жылдан асқанын мәлімдеді. Атап айтқанда осы жылдың төрт айында тіркелген 288,1 мың автомобильдердің ішінде 177,6 мың жеңіл көліктің қолданыста болғанына 10 жылдан аса уақыт өткен. Одан кейін 36,5 мың көлік 7-10 жас аралығында болса, 29,1 мың көлік 3-7 жас аралығында болған. Ал 44,9 мың көліктің қолданыста болғанына 3 жыл толған. Осылайша есепті мерзім ішінде тіркелген автокөліктердің 61,6 пайызының қолданыста болғанына 10 жылдан аса уақыт толып отыр.
«Ескі» көліктердің үлесі жалпы статистикада да басым үлесті құрап отыр. Мәселен, осы жылдың сәуір айының соңындағы дерек бойынша елімізде барлығы 3,83 млн жеңіл көлік болса, оның 2,46 миллионы немесе 64,2 пайызы 10 жылдан аса уақыт бұрын шығарылған. «Ескі» көліктері көп деректерді өңірлер бойынша сараласақ, Жамбыл облысы «көш» бастайды. Бүгінде Әулиеата өңіріндегі жеңіл автокөліктердің 82,4 пайызы ескірген. Антирейтингтегі екінші орында 79,4 пайыз көрсеткішпен Алматы, одан соң 71,7 пайызбен Қызылорда облысы тұр. Солтүстік Қазақстанда жеңіл автокөліктердің 69,9, Ақмола облысында 69,7, Түркістан облысында 67,7, Павлодар облысында 65,1, Шығыс Қазақстан облысында 64,1 пайызының жасы 10 жылдан асқан. Ал Шымкенттегі жеңіл автокөліктердің 57,6 пайызы тозған.
«Сөзді сөз, ойды ой қозғайды» демекші, сөз басы ескірген темір тұлпар төңірегінде болған. Кез келген жүргізушінің көңілі жылы ескірген көлікке құлай қоймайтынын анық. Бірақ көрпеге қарап көсілгендіктен қазақстандықтардың көбі «ескі» көліктің тізгіндеуге мәжбүр. Олардың да бағасының жыл сайын шарықтап бара жатқаны азаматтарымызға таңдау жасауға мүмкіндік бермей отыр. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл елімізде темір тұлпарлардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17-20 пайызға қымбаттаған. Қазіргі таңда елімізде темір тұлпар алу қиындап бара жатқанмен қатар, оны әрдайым тізгінде ұстау да жүргізушілерге оңайға соғып жатқан жоқ.
Соңғы күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы жанар- жағармай бекеттерінде бензин тапшылығының орын алуы соған мысал. Сұйытылған газдың да тек талонмен беріліп жатқаны талай жүргізуші мен жолаушының жүйкесін жұқартуда. Дизель отыны бағасының бірнеше күнде аспандап кетіп, дефицитке айналғаны да жағдайды ушықтырып тастады. Себебі жанар-жағармайдың дәл осы түрімен жүретін көптеген жүк көліктері жолда қаңтарылып тұруға мәжбүр. Салдарынан оларға тең-тең болып тиелген өнімдер бұзылып жатыр. Өндірілген өнім көлемінің дәл осындай себеппен рәсуа болуы қымбатшылық тудыратына ешкім талас тудырмас.
Жауаптылар мұндай тапшылықтың себебін Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытындағы 6 мамырдан 10 маусымға дейінгі аралықта болған жөндеу жұмыстарымен байланыстырып, дүрлігудің еш реті жоқ екенін алға тартады. ҚР Энергетика министрлігі аталған өндіріс орнында жөндеу жұмыстары аяқталғанын, соған сәйкес 13-маусымнан бастап бензин, 16-маусымнан бастап дизель отыны өндірісі қайта жанданғанын мәлімдеуде. Бұдан бөлек, тиісті ведомства осы аптада бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде жанар-жағармайды темір жол көлігімен уақтылы жөнелту мәселелері де болғанын, қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, оңтүстік өңірлерге 20 мың тонна бензин және 8 мың тонна дизель отыны жөнелтілгенін айтты.
Министрлік жағдайдың бір апта ішінде тұрақталатынын айтып сендіруде. Сонда тиісті ведомства Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларын жанар-жағар май отынымен қамтамасыз ететін Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталғанға дейін неге осындай жағдайды алдын алып, нақты қадам жасамады?
Жалпы жүргізушілердің есін екеу, түсін төртеу еткен жағдай бұл емес. Осы айдың басында еліміздегі республикалық маңыздағы жолдардың 18 учаскесі ақылы тарифке өтететіні туралы ақпарат таратылған. Соған сәйкес жүргізушілерден бір шақырым жол үшін бұған дейін 4 бағытқа белгіленген тарифтен 5 есе қымбат төлем алынады делінген. Бұған жүргізушілер қарсы болып, наразы пікірлерін ашық жеткізген. Алғашында бұл жағдайға қатысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мұны тек жоспар деген-тін. Кейіннен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Маратұлы мұндай жоспар болмағанын, 2013 жылы бекітілген тариф сақталып, ақылы жол 18 емес, 5 бағытқа ғана енгізілетінін жеткізген. Бес учаскенің ақылы тарифке көшуі тек жүргізушілердің емес, былайғы жұрттың да қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Себебі, тұтынушылар тұтынатын тауарды жүк көліктеріне тиеген тарап та, оны жеткізген жүргізуші ақылы жолға төлеген теңгесін нақ сол өнімнің бағасын өсіру арқылы ажыратып алатынын түсіну қиын емес қой…