АЛДЫМЕН ИППОДРОМДЫ БАСТАЙСЫЗДАР…
билік BI Group-пен тағы не деп келіскен?
Шымкентте көпқабатты тұрғын үй құрылысына басымдық берілуде. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қалада 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Алдағы уақытта Әкімшілік-іскерлік орталығы мен «Тұран» шағын аудандарында 65 кредиттік тұрғын үйдің (4064 пәтер) құрылысын жүргізу жоспарланған.
Бұл туралы «Көрме» орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов (суретте) мәлімдеді. Ол осы жылы 33 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылатынын да айтты. Нәтижесінде, 2 096 азамат кредиттік баспанаға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, мегаполисте 14 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның ішінде алты тұрғын үй Әкімшілік-іскерлік орталығында, сегіз тұрғын үй «Тұран» шағын ауданынан түсуде. Ағымдағы жылы 6 үйдің құрылысын аяқталып, 336 пәтерді пайдалануға берілмек. Баспасөз мәслихатында Мәулен Зарлықұлы құрылыс, энергетика, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары салалары бойынша өңірде атқарылып жатқан осы және өзге де жұмыстарға да тоқталды. Брифингте М.Айманбетовтың «BI Group компаниясы Шымкенттегі ескі атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу құрылысын бастады ма?» деген журналистердің сұрағына берген жауабы сөзбе сөз келтіргенде төмендегідей болды.
«Жоқ ол анау (авт. BI Group компаниясы) жаңа ипподромды бастап жатыр. Өз инвестициясынан. Ол жердегі рәсімдеу жағы… Сосын біз келіскенбіз. Сіздер алдымен ипподромды бастайсыздар. Содан кейін ғана… » деп қысқа қайырды. Бірақ ол бұл келісуден кейін билік пен компания арасында қандай келісім болғанын бүкпелеп қалды.
Естеріңізде болса, жуырда газетімізде BI Group компаниясы өз қаражаты есебінен Шымкенттегі «Бозарық-3» тұрғын алабындағы төңіректен жаңа атшабардың құрылысын бастағаны туралы мақала жазған болатынбыз. Мақалада бұған дейін аталған алпауыт компанияның ескі атшабар орнына тұрғын үй кешенін салатын болса, өз қаражаты есебінен қала сыртынан жаңа ипподром салатыны туралы билік талабын орындауға әзір болғаны оқырмандар есіне түсірілген. Бірақ билік ескі атшабар орны қандай нысанның аумағына айналатыны туралы нақты ақпаратты әлі күнге дейін ашып айтпай отыр. Әкімнің сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласына жауапты орынбасары Мәулен Зарлықұлының да мәселеге қатысты сұраққа берген жауабының сиқы жаңағыдай болып отыр.
Қ.ҚАЛИЕВ.