БАЗАРДЫҢ КӨБІ ТҮРКІСТАНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
күнгейде тек базар емес, табысы төмен отбасылар да көп
Елімізде 761 базар бар. Коронавирус пандемиясына байланысты базарлар жұмысына кері әсерін тигізбеген. Бір жыл ішінде олардың санының азаймауы соған дәлел. Бірақ олардың барлығы сапа жағына келгенде талап деңгейінен табыла бермейді.
Көбінің материалдық-техникалық базасы нашарлаған. Айталық, тоңазытқыш камераларының саны бір жылда 9,7% немесе 1,5 мың орынға, ал контейнерлердің саны 4,8% немесе 40,7 мыңға, ветеринарлық сараптама зертханалары 3,4% немесе 254-ке кеміген.
Базарлардың жартысынан көбі, атап айтқанда 515-і қалада орналасса, қалған 246 базар ауылдарда жұмыс істейді. Өңірлер бойынша базарлардың саны жағынан Түркістан облысы алға шығады. Аталған өңірде Қазақстандағы базарлардың 14,6 пайызы орын тепкен. Ал 11 пайызы Алматы, 9,3 пайызы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Осы жылдың бірінші тоқсанындағы зерттеулер бойынша Қазақстандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 мың теңгеге жетпейтін отбасылардың көбі осы Түркістан, Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының үлесінде екенін айта кетейік. Бұл «базары жақын байымас» дегеннің кері емес, жәй ғана сәйкестік…