ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА ҚАЖЕТ ПЕ?
Қазақстандықтардың тұрмысы нашарлаған. Оған коронавирусқа байланысты жарияланған пандемия әсер етіп отыр. Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Әли Бектаев осындай біржақты тұжырым жасады. Ол кедей отбасылардың нақты санын анықтап, онымен күрестің мемлекеттік бағдарламасын немесе жобасын қабылдау қажеттігін айтты.
Сонда әлеуметтің ахуалын көтеру үшін қандай да бір бағдарлама немесе жоба қабылдануы тиіс пе? Мәселенің барлығы қандай да бір бағдарлама немесе жобаға қатысты болатын болса, кеше ғана өткен сайлау кезінде Мәжілістен орын алған «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы» саяси ұйымдарының сайлауалды бағдарламасындағы асты сызылып жазылған міндет, мақсаттарды қайда қоямыз? Депутаттар елек-екшеліп, жан-жақты қамтып жазған сайлауалды бағдарламада айтылған қадау-қадау міндеттерін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен жұмыс істейміз деген Үкіметке жеткізіп, жүзеге асуына ықпал ете алмаса не болғаны?
Өз кезегінде сенатор Әли Бектаев тұрғындар арасында масылдық психологиясы меңдей бастағанын алға тарта отырып, «ал масылдық кедейшілікке алып келетін төте жол. Соңғы 5 жылда әлеуметтік шығыстардың 2 есе артуына қарамастан кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 2,5%-дан 4%-ға өскен»,-деді. Халық қалаулысының бұл сөзінің астарында «кедейшіліктің көбеюіне халықтың өзі кінәлі» деген ұғым жатқанын түсіну қиын емес.
Ол ахуал алаңдатарлық күйге түспес үшін ауыл тұрғындарының табысын көбейту керектігін айтты. Бұл «керектің» айтылып жүргеніне қаншама жыл толды. Естеріңізде болса, елімізде 2003 жылы «Ауылды қолдау» жылы болып жарияланған еді. Халық қалаулысының ауыл тұрғындарының табысын көбейту қажеттігі туралы осы және өзге де сөздері сол уақыттан бастап бүгінге дейін талай айтылып келеді. Бірақ…
Сонымен қатар сенатор Әли Бектаев елімізде азық-түліктің қамтылуы мен тамақ өнімдерінің қолжетімділігі сынды мәселелер мемлекеттік жобалардың негізгі бағыттары болуы керектігін айтты. Осылайша халық қалаулысы қазақстандық тұрғындардың тұрмысы нашарлағанын айтып, одан соң бойын масылдық билеген азаматтардың да көбейе түскеніне тоқталып, соңында қоғам талқысына түскен негізгі мәселені тап басып, оны шешу қажеттігін айтты. Осындайда «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөз еске түседі екен. Депутаттар айтудай-ақ айтуда. Президент тапсырма берудей-ақ беруде. Алайда… Кедейлік өсіп жатыр… Азық-түлік қымбаттап, тапшы тауарға айналып жатыр…
Жуырда Finprom.kz сараптау агенттігі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елімізде жағдайы төмен 146500 отбасы бар екенін айтып, бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық екенін мәлімдеген. Жағдайы төмен жанұялардың көпшілігі дәлірегі 27900 отбасы Түркістан облысында, 15500 отбасы Алматы облысында, 11600 отбасы Шығыс Қазақстан облысында тұрады екен. Сонымен қатар аталған агенттік осы көрсеткішке қарамастан елімізде кедейлер кедейленіп бара жатқанмен, байлар болса ауқаттанып бара жатқанын да анықтаған. Және еліміз әлем бойынша халқы байып жатқан мемлекеттердің ондығынан ойып тұрып орын алатынын да жазған.