ӨСІМДІК МАЙЫНЫҢ ӨНДІРІСІ ДЕ, БАҒАСЫ ДА ӨСІП ТҰР
«Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен». Азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап бара жатқан мына заманда бұл мақалдың мазмұны салмақтана түсті.
Себебі арғысын айтпағанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары күрт қымбаттап, бірқатары қат өнімге айнала бастады. Салдарынан қазақстандықтар тапқан табысының көп бөлігін, ас-ауқатқа жұмсауға мәжбүр болып отыр.
Бірақ еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі бес айда әлеуметтік маңызы бар өнімдер өндірісінің көлемі өскенін мәлімдейді. Ведомства таратқан хабарламаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында азық-түлік өндірісі 3,3%-ға өсіп, 851,6 млрд теңгені құраған. Бұл аралықта қызылша қантын өндіру көлемі 5,5 мың тоннадан 7,1 мың тоннаға дейін (30%), өңделген күріш 71,2 мың тоннадан 88,3 мың тоннаға дейін (24%), жарма 34,6 мың тоннадан 41,1 мың тоннаға дейін (18,7%) артқан. Сонымен қатар, аталған мерзім ішінде сары май өндірісі 10,5 мың тоннаға дейін (16,5%), өсімдік майы 207,5 мың тоннаға дейін (11,9%) өскен. Ал өндірілген ұн 1 235,6 мың тоннадан 1 347,4 мың тоннаға дейін (9%), ірімшік пен сүзбе 13,6 мың тоннадан 14,7 мың тоннаға дейін (8,7%), өңделген сүт 244,7 мың тоннадан 252,7 мың тоннаға дейін (3,3%) артқан.