Тәуелсіз елге – Кәсіби мемлекеттік аппарат
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің тарапынан тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің, олардың біліктілігі мен әдептілік сапасы жайлы аудан әімінің аппарат басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Оразов Қалдыбек Әбілдаұлын сұхбат алаңына шақырған едік.
– Қалдыбек Әбілдаұлы, алдымен бүгінгі күні негізгі қызметіңізбен қоса атқарып отырған жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз?
– Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалды реформа – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру жұмыстары жалғасуда.
Биыл Республика Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Ел экономикасының барлық салаларындағы оңды өзгерістер, халық табысының артуында қарқынды шаралар іске асырылып келеді.
Осы жылдар ішінде мемлекетті қалыптастыру мен дамытуда мемлекеттік қызметшілердің де еңбектерін айрықша атап өткен жөн.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің тарапынан тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің де сапасы артты.
Қоғам дамуы мен қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен әдептілік сапасы да жақсарды.
Жоғарыда айтып өткенімдей «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында 2015 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) жаңадан қабылданды.
Аталған заңнамалар бойынша мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі жаңғыртылуда. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталып, төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуда. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер берілуде. Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесі заңды түрде бекітіліп үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігі арттырылуда.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Бұл ретте, халықтың бағалауына жалпы мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің стандарттарын сақтауына қатысты БАҚ-та жарияланатын жағымсыз материалдардың да әсері барын атап өткен жөн.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары, мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары бекітілді. Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ереже бекітілді. Облыстарда Әдеп жөніндегі уәкілдердің дербес штаттары енгізіліп, аудан, қала деңгейінде іс басындағы қызметшілерге қоса атқару жүктелді.
Яғни, бұл қызметте менің атқаратын негізгі функцияларым Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережесімен айқындалған. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады және өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді.
Ауданның мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этиканы сақтауы, әдеп стандарттары, мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киім киюі бойынша тиісті жұмыстары тұрақты бақылауда. Биыл жыл басынан мемлекеттік қызметшінің әдебі жөнінде аудандық газетке 4 мақала, Әдеп уәкілінің фейсбук парақшасында 1 мақала жарияланды, жеке қабылдауымда болған 22 мемлекеттік қызметшілерге және басқа да азаматтарға кеңес берілді, бұдан басқа, 11 семинар және шығу кездесулерін өткіздім.
Осы жұмыстар барысында мемлекеттік қызметшілердің әдебіне қатысты шағымдар болған жоқ. Жеке қабылдауға келгендер жалақының көбеюі, мемлекеттік және квазисекторлардың қысқаруы, конкурстардың жарияланбау себебі бойынша қойылған сұрақтарға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жауап берілді.
– Мемлекеттік қызметшінің киіміне қандай талаптар қойылған?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киімі туралы негізі ұсынымдары бар. Бұл ұсынымдар барлық мемлекеттік қызметшілерге таныстырылған және басшылыққа алу туралы ескертілген. Аталған агенттіктің ұсынымы бойынша киімге қойылатын негізгі талаптар: ұқыптылық, мұнтаздық, жайлылық және сыртқы бейнеге шамданудың болмауы тиіс.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік мүліктерді жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Бүгінде аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен ауылдық округ және кенттері әкімдеріне, мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік мүлікті тек қызмет бабында пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Біз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері, активтердің түгелдігін қамтамасыз етуге және қызметтік міндеттерді атқару үшін сеніп тапсырылған, материалдық-техникалық ресурстарды (мүлік, көлік, жабдықтар, кеңсе заттары және тағы басқалары) күтіп ұстауға міндеттіміз. Бізге сеніп жүктелген ресурстарды барынша ұтымды және тек қызметтік мақсатта тиімділік пен үнемділік қағидаттарына сәйкес пайдалануымыз керек. Басқа тұлғаларға да заңсыз іс-әрекеттерді жасауға мейілінше тосқауыл қоюымыз қажет. Бұл жұмыстар жүйелі жүргізілуде, тұрақты бақылауда.
– Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету мәселесін түбегейлі электронды форматқа көшіру басты назарда. Осыған орай көрсетілетін мемлекеттік қызметтің жай-күйіне тоқталсаңыз.
– 2021 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы – 3631 қызмет көрсетілген.
Оның ішінде: ХҚКО арқылы – 676 қызмет, электронды үкіметтің веб-порталы арқылы – 789 қызмет, электронды түрде ақпараттық жүйелер арқылы – 2152 қызмет, тікелей – 0 қызмет, баламалы түрде көрсетуге мүмкіндігі болсада тікелей көрсетілгендер – 14 қызмет көрсетілген.
Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 75,7% құрады.
– Әр ұжымда түрлі мінез-құлықты адамдар болады. Осы бағытта ұжымды қалыпты жағдайда ұстау үшін қандай шаралар қолданасыз?
– «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар. Әдеп уәкілі ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жарты жылда бір рет анонимді сауалнама жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланып, мекеме басшысына қандай мәселелерге көбірек көңіл аудару қажеттігіне нақты кеңестер беріліп отыр.
– Мәселен, азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде мемлекеттік қызметші қандай ұстанымдарды ұстануға тиіс?
– Азаматтармен өзара қарым-қатынас тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде біз мынадай ұстанымдарды ұстануға тиіспіз: өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндау; сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру; толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру; жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету. Шағым түскен жағдайда біз туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдаймыз және болашақта ұқсас жағдаяттардың алдын аламыз. Мұндай қарым-қатынас бізге мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қызметшінің жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлқы қандай болуы керек?
– Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю үшін мәдениет және демалыс мекемелеріне бару керек, қайырымдылық пен қоғамдық қызметке қатысу және тағы сол сияқтылар қажет. Бұл ретте, бізге ішкілік ішкен күйде қоғамдық орындарда болу, адамның ар-намысына тіл тигізу, заңнаманы бұзу, қоршаған адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сынды адамгершілікке жатпайтын қылықтарға жол бермеу керек. Әрқайсымыз жұмыстан тыс уақытта біз өз іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымызға жауапты екенімізді, ал, кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауымыз қажет. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан бойын аулақ ұстауы қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолданушыларымен әңгімелесуде сыпайылылық танытуы қажет. Өз парақшасында құпия немесе жабық ақпаратты жарияламауы, қазіргі Конституциялық құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын қолданушыларды достар тізіміне қабылдамауы тиіс.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.