БАСТЫ НАЗАРДА – ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ
Былтыр қазан айының бел ортасында Шымкентегі қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізілген болатын. Жаңа жүйеге қала тұрғындары тез бейімделіп кетті.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов осы жылдың бес айында атқарылған жұмыстардың есебін баяндаған кезде жүйе енгізілгеннен бастап 220 мың төлем картасы сатылып, қосымша 80 мың карта сатылымға шығарылғанын мәлімдеді. Электронды төлем жүйесі енгізілгеннен бастап есепті кезеңге дейін қаладағы қоғамдық көліктерде 26,8 млн. транзакция жасалды. Оның ішінде, картамен 22,7 млн. транзакция, ал қолма-қол ақшамен 3,0 млн. транзакция және SMS арқылы 440,0 мың транзакция, QR-код арқылы 5 260 транзакция жасалған. Сонымен қатар ол, қазіргі уақытта қоғамдық көліктерде төлем жүйесі арқылы жүргізіліп жатқан транзакциялардың 80% картамен төленіп отырғанын атап өтті. Бұл қала тұрғындарының жаңа жүйені жатырқамай, оған тез бейімделе кеткенінен хабар береді.
Биыл Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 46,2 млрд. теңге бағытталған. Оның ішінде 33,6 млрд. теңге автомобиль жолдары саласына, 10,8 млрд теңге көлік саласына, 1,6 млрд теңге мемлекеттік жекешелік әріптестік бағытына, 0,2 млрд теңге басқа да мақсаттарға жұмсалатын болады.
Осы жылы қаладағы жол-құрылыс жұмыстары 134 нысанда жүргізіледі. Атап айтқанда 6 нысанда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары қолға алынса, 128 нысанда орташа жөндеу жұмыстары орындалады. Басқарма басшысының сөзінше қазіргі таңда 100 нысандағы құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, тиісті келісім шарттар түзілген. Қалған 34 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Жеңімпаздар осы айда анықталса, құрылыс жұмыстары шілде айында басталады.
Қазіргі таңда қалада жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 168 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Жыл қорытындысы бойынша 155 нысанды қамтитын 250-ге жуық шақырым жол тақтайдай тегіс болады деп күтілуде. Ал қалған 13 нысандағы құрылыс-жөндеу жұмыстары келер жылға өтпелі.
Қазіргі таңда құрылыс жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 168-нысанның 138-де орташа жөндеу, 18-де қайта жаңарту, 8-де оң жақ өткел салу, 4-де күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
«Жол қадірін жүрген білер» деген. Қаладағы жолдаода кемшілік тек асфальт жабындысы жоқ көшелерде ғана бар емес. Асфальтталған көшелердің ойдым ойдым болып, шұрық тесікке айналуы жолда жүруді қиындата түсетіні сөзсіз. Жалпы қаладағы асфальтталған жолдардың ұзындығы 2 029,2 шақырымға жетеді. Осы жылы оларды күтіп ұстау үшін 450 млн.теңге қаралған. Соның есебінен ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 7500 шаршы метр аумақта шұңқырларды жамау жұмыстары, 1500 шаршы метр аумақта тегістеу қабатын салу жұмыстары атқарылды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары бірінші кезекте көлік қарқыны жоғары және қала орталығындағы магистралды көшелерде орындалды.
Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз жолдармен қатынауын қамтамасыз ету үшін жол қозғалысын реттеу жұмыстарына бюджеттен – 938,4 млн. теңге қаралды. Бөлінген қаржы есебінен осы жылдың бес айында 120 метр жасанды жол кедергілері, 1000 дана жол белгілері, 3 дана белсенді жаяу жүргіншілер өткелі, 4 дана бағдаршам, 50 дана аялдама орнатылды. Сондай-ақ 150 шақырым жолға жол таңбаларын сызу жұмыстары жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек басқарма басшысы тұрғындардың өзін толғандырған мәселе бойынша арыз-шағымдарын білдіруде әлеуметтік желінің рөлі зор болып отырғанын да атап өтті. Оның сөзіне сенсек, есепті кезең аралығында Instagram, Facebook, Telegram сынды әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сұрақтар мен өтініштер саны 355-ке жеткен. Ол жерлерде қала тұрғындары аяқ жол орнату, бағдаршамдар уақытын созу, аялдама орнату, шұңқырларды жамау және асфальттау, қоғамдық көліктің жүру сызбасын оңтайландыру сынды мәселелерді көп көтерген. Айта кетейік, Шымкентте 20 көлік компаниясы күнделікті 77 бағытта, 922 көлік құралдарымен жолаушыларды тасымалдайды.