МЕГАПОЛИСТЕГІ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?
Интернетке деген сұраныс былтыр коронавирусқа байланысты жарияланған пандемия кезінде күрт өсті. Сол кезде білім ұялары мен жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшкен еді. Алайда ауыл былай тұрсын, қаланың біраз аумағында ғаламтор сигналының әлсіз болуына байанысты оқушыларға онлайн оқу оңайға соқпаған. Мәселені реттеу бағытында үш кезеңді қамтитын жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Оның алғашқы кезеңін іске асыру өткен жылдан бастап жүзеге асқан. Соған сәйкес, 2020 жылы қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станция орнатылған. Олар «Алтынтөбе», «Көкбұлақ», «Солтүстік-Батыс» және «Достық» (Солтүстік саяжай), «Асар», «Асар-2», «Шымсити», «Шымсити-2», «Тұран» және «Ақтас-2», «Айкөл» шағын аудандарына қойылған.
Қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің екінші кезеңін іске асыру бойынша осы жылы тағы 14 жерге базалық станция қою жұмыстары жүргізілуде. Белгіленген аумақтардың координаттары мобильді байланыс операторларымен келісілді. Оның ішінде А2 трассасы, әуежай маңы, «Солтүстік-Батыс», «Қайнарбұлақ», «Тассай», «Құрсай», «Ынтымақ» шағын аудандары мен Р32 трассасы бойында орнатылатын базалық станциялар жеке инвесторлардың есебінен іске асатын болса, қалған «Абдулабад», «Забадам», «226 орам», «Асар», «Самал-3», «Достық» шағын аудандарына станцияларды орнату жұмыстары операторлар тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы орнатылады.
Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының цифрландыруды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің басшысы Нұрбек Ботабаев жоғарыда аталған елді мекендерден бөлек тағы 30 тұрғын алапта интернет сапасы төмен екенін айтты. Алдағы уақытта ол елді мекендердің барлығына оптикалық интернет тарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Естеріңізде болса, 2019 жылы Тараздағы мектептің ауласындағы әжетханада кәмелетке толмаған оқушы қызды белгісіз ер азаматтың зорлағаны туралы ақпарат былайғы жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Бұл орны толмас өкінішті жағдай білім ұяларындағы қауіпсіздікті барынша күшейту қажеттігін тағы бір еске түсірді. Қазіргі таңда оқушылардың қауіпсіздігін сақтауға көп септігін тигізетін бейнебақылау камераларымен Шымкенттегі барлық білім беру мекемелері толықтай қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент мектептерінде адамды тану қызметі бар турникеттер орнату жоспарлануда. Мектеп фойелерінде орнатылатын бұл қондырғы оқушылардың, ата-аналардың, басқа да келушілердің түрін тани алатындығымен ерекшеленбек. Сондай-ақ ол турникеттердің көмегімен ата-ана да SMS-хабарлама арқылы баласының мектепке нешеде келіп, нешеде шыққанын біліп отыра алады. Автоматты түрде сканерлеу 5 мыңға жуық адамның түр-әлпеті мен саусақ іздерін тани алады. Мәліметтер екі жыл бойы сақталады.
Тұрғындардың қауіпсіздігін барынша күшейту үшін SOS батырмасының қойылатын нүктелері анықталу үстінде. Бүгінде Шымкент қаласының Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы, Цифрландыру басқармасы мен IDC компаниясы бірлесе шаһардағы №83 жалпы орта мектепте пилоттық режимде интеграцияланған «SOS дабыл батырмасын» орнатты. Мектепте орын алған кез-келген төтенше жағдайда аталған батырманы басқан кезде жедел басқару орталығына немесе мектеп операторына жайсыз жағдайдың болғаны туралы дабыл қағылады. Содан соң тиісінше жедел көмек түрі ұсынылып, тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі таңда бұл жоба пилоттық режимде №83 жалпы орта мектебіне ғана орнатылып отыр. Алдағы уақытта мұндай батырманы қаладағы мектептердің барлығына орнату жоспарлануда.