КҮРІШ АЛҚАБЫ ЖЫЛ САЙЫН ҚЫСҚАРЫП БАРАДЫ

Биыл Сырдария өзеніндегі су деңгейі жылдағыдан 30 пайызға азайып кетті. Мамандар оны Тоқтоғұл қоймасындағы судың азаюымен байланыстырады. Былтыр Тоқтоғұл су қоймасында 11 млрд текше метр су жиналса, биыл жауын-шашынның аз түсуіне байланысты қоймада 8 млрд текше метр ғана су сақталған.

Су тапшылығына байланысты диқандар егіс көлемін айтарлықтай азайтуға мәжбүр. Биыл Қызылорда облысында Сырдың суын барынша үнемдеу үшін күріштің егіс алқабы 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін азайтылды. Алдағы жылдары бұл көреткіш 80 мың гектарға дейін қысқартылады. Оның орнына диқандар ағын суды аз қажет ететін дақылдарды егуде.
Қызылорда облысының басшысы Гүлшара Әбдіхалықова атқарған жұмысы туралы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде берген есебі кезінде түйінді мәселенің түйінін тарқату үшін өңірде ылғалды аз қажет ететін соя, жүгері, майлы жəне жем-шөп сынды дақылдарының егістігі ұлғайтылып жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруаларды шығынға емес, пайдаға жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Десе де, мамандар Сыр топырағының қатты тұздылығына байланысты күріш өсіруді түпкілікті тоқтату мүмкін емес екенін алға тартады. Жалпы күріш өнімі Сыр өңірінің басты дақылы екені белгілі. «Сыр күріші – ел ырысы» деген тәмсіл сөздің өзі өңірдің ақ күрішімен ерекшеленетінін аңғартады. Сондықтан да облыс күріш өніміне қатысты мәселеге бей-жай қарамайды.
Айтпақшы биыл Қызылорда облысы ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай 266 іс-шара өтізуді жоспарлап отыр. Олардың ішінде атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130 жылдығын атап өту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, күріш алқабының қысқаруы Түркістан облысын айналып отырған жоқ. Соңғы 10-15 жыл ішінде Түркістан облысында күріш дақылының алқабы 29 мың гектардан 3 мың гектарға дейін күрт төмендеген.