ТЕГІС ЖОЛДАРДАҒЫ ТАРИФ ҚАНДАЙ?

Газетіміздің өткен санында биыл республикалық маңыздағы 1700 шақырым жол ақылы болатыны туралы хабарлағанбыз. Осылайша елімізде   «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің «Қайнар-Тараз-Тараз-Шымкент-Шымкент-Қызылорда-Шымкент-Ташкент» бағыты, «Щучинск-Көкшетау», «Қапшағай-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен» учаскелері ақылы тариф болып белгіленетіні жазылған. 

Бүгінде аталған учаскелердің сапасы тексерілуде. Арнайы жұмыс тобының мамандары бұл учаскелердің жағдайын техникалық санатқа толық сай деп таныған кезде ғана жол ақысы алынатын болады.
Енді бұл жолдармен жүретін жүргізушілерден қанша теңге төлем алынады? Осыған тоқталайық…
Бірінші санаттағы бұл жолдарда жүру жеңіл автокөліктер үшін бір шақырымы 1 теңгені құрайды. Ал автобустарға бөлек тариф қойылған. Мәселен, 16 адамға дейін лайықталған автобустар ақылы жолдың әр шақырымына -5 теңге, 32 орынға дейін болса -10 теңге, 32 орыннан жоғары болса 15 теңге төлейді. Ақылы тарифке ауысқан учаскелерде жүк көліктерінен алынатын төлем жүк көтергіштігіне байланысты 5 теңгеден 25-теңгені құрайды. Мысалы, жүк көлігінің жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейін болса шақырымына 5 теңге, 5,5 тоннаға дейін болса шақырымына-10 теңге, 10 тоннаға дейін болса әр шақырымына-15 теңге, 10 тоннадан жоғары болса шақырымына-20 теңге, 15 тоннадан жоғары болса шақырымына -25 теңге ақы береді.
Айта кетейік, ақылы жолдардан алынатын бұл төлем 2013 жылы 30-сәуірінде бекітілген тариф. Содан бері өзгертілмеген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері белгіленген тарифті қымбаттату жоспары жоқ екенін алға тартады.
Естеріңізде болса елімізде ақылы учаскелер 2013 жылы іске қосылған болатын. Олар «Нұр-Сұлтан-Щучьинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» автомагистралдары болып табылады. Аталған бағыттардың жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайды.
Бүгінде елімізде республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы 25 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 2024 жылға дейін ақылы жолдардың санын 11 мың шақырымға жеткізу жоспарланып отырғанын алға тартады.