ДЕПУТАТТАРДЫҢ ДЕГЕНІ БОЛМАЙТЫН БОЛДЫ

Мәжілісте отырған бірқатар депутаттар зейнетке шығу жасын төмендетуді бірнеше рет көтеріп келеді. Мысалы, төменгі палата депутаты Александр Милютин жыл басында азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін түсіруді  ұсынып, Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдаған. 

Ол азаматтардың зейнетке шығу жасын жынысына қарамастан тұп-тура 60 жасқа белгілеуді мәселе етіп көтерген. Оған дейін оның әріптесі Айқын Қоңыровта ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-қа дейін төмендету бойынша Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдаған. Ол өз ұсынысына негіз ретінде күз-қыс мезгілдерінде ЖРВИ мен тұмау сияқты маусымдық аурулар өршитінін, мұның бәрі 60 жасқа толған және одан асқан азаматтар үшін қауіпті екенін тілге тиек еткен. Бірақ депутаттардың бұл сауалына Үкімет басшысы Асқар Маминның жауабы дайын еді. Премьер Министр зейнет жасын көтеру халықаралық тәжірибеге сай келеді деп қысқа қайырады.
Бірақ бұл жәйтқа қатысты мәселе көтеру осымен бітпеді. Өткен айда мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін атап айтқанда металлургтердің, кеншілердің, мұнайшылардың, кен байыту мен уран өнеркәсібі, өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету керектігін айтқан. Ол мұндай санатқа 1 645 247 адам жатқызылатынын да атап өткен. Одан алдын, яғни сәуір айында дәл осы Ерлан Смайлов мүгедектігі бар 85 мыңнан астам адамның зейнетке шығу жасын қолданыстағы заңға сәйкес 63 жаста емес, көп балалы аналар секілді орташа 55 жасында шығару қажет екенін ұсынған. Ол мүгедектігі бар адамдардың физиологиялық жай-күйін, денсаулық жағдайын ескеру қажеттігін, жыл өткен сайын ауру асқына беретінін ескерсек, оларға 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиынға соғатынын айтқан.
Бірақ Үкіметтің бұл орынды уәждерге селт етер түрі жоқ.
Жуырда орталық коммуникациялар қызметіне келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствада қазақстандықтардың зейнетке шығу жасын төмендету туралы мәселе қаралып жатпағанын ашып айтты. Сала министрі зейнетке шығу жасын төмендетсе, адамдар тиісті жинақты жинай алмауы мүмкін екенін және зейнетақы өте аз болатынын, сондықтан бұл мәселе қарастырылмағанын мәлімдеді.
Бұдан депутаттардың сайлау науқаны кезінде ел алдына шығып, зейнет жасын төмендетеміз дегені біразға дейін сөз күйінде қалатынын түсінуге болады.
Бүгінде әйелдер 60, ерлер 63 жасында зейнетке шығарылады.

Қ.ҚАЛИЕВ.