ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ 52 ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Шымкентте 19 маусым – қала күні мерекесіне орай 52 іс-шара ұйымдастырылады. Айта кетерлігі жоспарланған мерекелік іс-шаралардың барлығы 15-19 маусым аралығында өтеді.
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығына келген Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мәлімдеді.
Апта бойына аталып өтетін іс-шаралардың барлығы санитарлық талаптарды сақтай отырып, Ashyk бағдарламасын іске қосу арқылы ұйымдастырылады. Басқарма басшысы қала күніне арналған іс-шаралар барысында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынатынын атап өтті. Атап айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры және ұлттық әдебиет» дөңгелек үстелі, «Шуағын төккен Шымқала» өлкетану кеші, «Шаһар шырайы – Шымкент» кітап көрмесі болады. Ал 18 маусымда Әл-Фараби кітапханасында қаламыздың ақын-жазушылары, суретшілер мен мүсіншілердің қатысуымен ауқымды «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мерекелік шаралар аясында қалада 4 кітапхана, 3 музей ашылады.
Қала күні мерекесіне орай 18, 19, 20 маусым күндері қаладағы барлық театрларда және «Этноауыл», «Зообақ», «Түркістан» сарайы мен «Шымкент-Циркте» өтетін іс-шаралар мен қойылымдарды көрермендер тегін тамашалай алады. Іс-шаралардың қайда және қай уақытта өтетіні туралы толық мәліметті басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларынан біле аласыздар.
«Уақыт».